Астанада көпқабатты үйлердегі жеделсатыларды жаңғырту мен толық ауыстыруға сұраныс айтарлықтай ұлғайған. Мамандар мұны жақында орын алған оқыс оқиғамен байланыстырады. Апаттан кейін қала тұрғындары тиісті ұйымдарға жаппай өтініш жолдай бастаған.
Бұған дейін елордадағы бір тұрғын үй кешенінде лифт жетінші қабаттан төмен құлап, бір адамның өмірі қиылған еді. Онымен қоса, екі маман түрлі жарақат алған. Оқиғадан соң тұрғындар тарапынан жеделсатыны толық жаңартуға деген қажеттілік артқан, ал бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылуда.
Дегенмен лифтіні ауыстыруға қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінгенімен, оның құнын көппәтерлі үй иелері өздері өтеуі тиіс. Құны шамамен 20 миллион теңгені құрайтын жеделсаты төлемі 7–15 жыл аралығында пайызсыз бөліп төлеу әдісімен тұрғындардың ай сайынғы коммуналдық түбіртегіне енгізілмек.
«Соңғы уақытта бірнеше рет тіркелген оқиғалардан кейін лифтілерді ауыстыруға деген қызығушылық айтарлықтай артты. Үш апта ғана өтті, соған қарамастан өсім байқалады. Осы уақыт ішінде мүлік иелері бірлестіктерінің жетекшілерінен және қызмет көрсетуші ұйымдардан жиырмаға жуық өтініш қабылданды», – деді «Өркен қала» ЖШС бөлім басшысы Болат Түгелбаев.
Фото: Nur.kz
