Түркі әлемінің медиа кеңістігіндегі заманауи міндеттер талқыланып жатыр

 

Бүгін Алматы қаласында екі күнге созылатын «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» атты VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өз жұмысын бастады. Форумға Түркі әлемінен, Еуропадан, мемлекеттік құрылымдардан және медиа ұйымдардан келген сарапшылар, журналистер мен сала мамандары қатысуда. Алқалы жиында түркі халықтарының ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, медиа саласындағы жаңа трендтер, заманауи технологиялардың ықпалы және ынтымақтастықты тереңдету мәселелері кеңінен талқыланды.

Алғашқы сөз Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызына берілді. Ол өз сөзінде форумның негізгі мақсаты түркітілдес журналистердің кәсіби әлеуетін арттыру, ортақ жобалар арқылы түбі бір түркі халықтарының мәдени-рухани құндылықтарын дәріптеу екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, жетпіс жылдан астам үстемдік еткен кеңестік жүйенің салдарынан бүгінгі күні түркі елдері бірін-бірі толық тани бермейді. Тілдік, мәдени жақындастық әлсіреп, әртүрлі алфавиттердің қолданылуы өзара түсіністікті тежеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Түркітілдес журналистер қоры қазақ және түркі журналистерін біріктіріп, ортақ жобалар арқылы ақпараттық байланыстарды нығайтуға мүдделі», деді ол.

Форумның негізгі тақырыбы, Түркияны қоса алғанда, барлық түркі мемлекетіне ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру болып отыр. Президент өз сөзінде туризм, PR, мәдени және тарихи жобалар арқылы ақпараттық ықпалдастықты арттырудың маңызын атап өтті. Ол бүгінгі медианың тез өзгеріп жатқанын, цифрлық ортадағы жаңа технологиялардың журналистерге жаңа міндеттер жүктейтінін айтты. «Сол үші ақпараттық технологиялардың дамуы бізге үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Жаңа медиа, цифрлық форматтар, жасанды интеллект, бұлардың барлығы медианың бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Біз осы мүмкіндіктерді түркі елдері арасындағы ортақ жобаларды дамытуға тиімді пайдалануымыз қажет», деді қор басшысы.

Ол сондай-ақ соңғы жылдары жүзеге асқан маңызды бастамаларға тоқталды. Биыл 16-20 қазанда Брюссель қаласында өткен V Халықаралық медиа форумның қорытындысымен Қазақстан, Бельгия және Нидерланд бірлесіп Дүниежүзілік Түркі медиа ассоциациясын құрғанын атап өтті. Әріптестердің ұсынысымен ассоциация президенті болып өзі сайланғанын да айтты. «Бүгінгі форум аясында Германияның ұйымға қосылуы күтілуде. Әзербайжан мен Қырғызстан да қосылуға мүдделілік танытып отыр. Ең басты мақсат ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, түркі халықтарын бір-біріне жақындату болмақ»,деді ол.

Ол сонымен қатар деректі фильмдер түсіру, кәсіби байқаулар ұйымдастыру, онлайн және офлайн форматтағы семинарлар өткізу секілді алдағы жобаларға тоқталды. «Түркітілдес журналистер қоры тоғыз жылдан бері “Еркін сөз” байқауын, сондай-ақ Халық банкі және Chevron компаниясымен бірлескен “Қоғам айнасы” жобасын ұйымдастырып келеді. Енді бұл байқауларды бүкіл түркі әлемін қамтитын деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз», деді қор президенті.

Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Баспа БАҚ-қа ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Қуаныш Игіман өз құттықтауында түркі елдері арасындағы ақпараттық ықпалдастықтың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. «Бұл форум – ортақ идеяларымызды тоғыстырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Тарихы, мәдениеті және тілі жақын халықтар үшін ортақ медиа кеңістікті дамыту тек кәсіби міндет емес, рухани және стратегиялық қажеттілік», деді ол.

Министрлік өкілі ақпарат саласындағы сын-қатерлерге де тоқталды. «Ақпарат легінің шектен тыс артуы, цифрлық платформалардың үстемдігі, гибридтік ақпараттық қауіптер осылардың барлығы медиа саласында жаңа тәсілдер әзірлеуді талап етеді. Осы орайда жасанды интеллекттің рөлі ерекше. Ол журналистиканың форматын өзгертіп, редакциялардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ақпараттың жаңа сапасын қалыптастырып жатыр», деді ол. Қорытындылай келе, ол ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың маңызы зор екенін, түркі әлемі журналистерінің ынтымақтастығы одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Форумда Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Шерехан Дастан да сөз сөйледі. Ол Алматы қаласы әкімдігінің атынан форумға қатысушыларды құттықтап, іс-шараның маңызын атап өтті. «Медиа форумның жұмысына сәттілік тілеймін. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан мұндай іс-шараның маңызы өте зор. Себебі медиа саласының өкілдері үшін тәжірибе алмасу, пікір бөлісу – ақпараттық кеңістікте атқарылатын жұмыстың сапасын арттыруға және жаңа серпін беруге ықпал етеді», деді ол.

Сонымен бірге, ол форумды ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді. «Осындай маңызды шараны жоғары деңгейде ұйымдастырушыларға шын алғысымызды білдіреміз. Ал түркі әлемінің ақпараттық ынтымақтастығын дамыту бағытында бастамашы болып жүрген Нәзия Жоямергенқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн», деді ол. Спикер форумның алдағы екі күн ішінде мазмұнды әрі нәтижелі өтетініне сенім білдірді.

Алматыда өтіп жатқан бұл алқалы жиын түркі әлемінің ақпараттық кеңістігін дамыту, медиа саладағы өзара қолдау мен ынтымақтастықты нығайту, ортақ құндылықтарды кеңінен насихаттау бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Форумның нәтижесінде түркі елдері арасындағы ақпараттық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, журналистер арасындағы кәсіби серіктестік одан әрі бекітіледі деп күтіліп отыр.

Related posts

Мировые лидеры инсентив-туризма собрались в Стамбуле для глобальной конференции SITE

ttjk

Европейское велосипедное сообщество встретится в Измире к октябрю 2023 г.

ttjk

Түркітілдес елдердің тілшілері Ыстамбұлда бас қосты

ttjk