Астанада қайғылы жағдай тіркелген көпқабатты үйдің бір ғана емес, бірнеше жеделсатысы техникалық тұрғыда қауіпті болып шықты. Тұрғындар лифтінің жиі тоқтап қалатынын айтып, мінуге қорқатындарын жеткізеді. Соған қарамастан, балама болмаған соң подъездар арасында жүріп-тұру үшін пайдалануға тура келеді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдің 6–7-подъездері биыл мамыр айында ғана пайдалануға берілген. Жеделсатылары жаңа орнатылғанына қарамастан, жиі жөндеу көріп отыр.
«Жөндеу жүріп жатқан бөлікте тұрған 6–7-подъездер биыл тапсырылған. Лифттері жаңа орнатылды. Біреуі тіпті әлі қаптамасы алынбаған күйде. Соның өзіне қайта-қайта жөндеу жүргізіліп жатыр. Біз күн сайын осы қауіппен өмір сүріп келеміз. 11-қабатта тұрамын, көтеріліп-түсу өте қиын. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі балам бар», – дейді тұрғын Дана Ақпанова.
Бұған дейін дәл осы үйде жеделсаты жетінші қабаттан құлап, бір адамның қаза болуына әкеп соққан ауыр оқиға орын алған еді. Тағы екі қызметкер түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Тұрғындар баспана кілтін алған кезден бастап лифт мәселесінің тоқтамай келе жатқанын айтады.
Шағымдар көбейген соң әкімдік қызмет көрсетуші ұйымды ауыстырып, қыркүйек айынан бастап жеделсатылардың күтіміне жаңа мердігер жауап бере бастаған. Алайда бұған дейін 16 лифтінің тек алтауы ғана ресми тіркеуден өткені анықталған.
Осы жағдайдан кейін Мәжіліс жаңа құрылыс кодексін талқылау кезінде бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
«Мәжіліс аумағындағы лифтілердің жағдайы, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Құралдар орнатылғанымен, пайдалану сапасы талапқа сай емес. Бақылау да, жауапкершілік те жеткіліксіз. Сондықтан бұл мәселе құрылыс кодексі аясында да қаралуы тиіс. Екінші оқылымға дейін осы бағыттағы ұсыныстарды пысықтаймыз», – деді Мәжіліс депутаты Динара Нұрымова.
