Қазақстандық теннис жұлдызы, әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина өзінің спорттық мансабындағы ең ірі жеңістерінің біріне қол жеткізді. Ол алғаш рет WTA маусымының қорытынды турнирінде чемпион атанды.
Маңызды финал Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтті. Шешуші кездесуде Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы әрі “Үлкен дулыға” турнирлерінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенкоға қарсы ойнады.
Тартысты ойын екі сетке созылып, соңғысы тай-брейк арқылы аяқталды. Нәтижесінде Рыбакина қарсыласын 6:3, 7:6 (7:0) есебімен жеңіп, тарихи жеңісін тіркеді.
Статистика бойынша, қазақстандық спортшы матч барысында 13 эйс орындап, 6 брейк-пойнттың бірін сәтті пайдаланды. Ал Соболенко 5 эйс жасағанымен, брейк мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Бұл жеңіс – Рыбакинаның мансабындағы жаңа белес. Бұған дейін ол WTA қорытынды турниріне екі рет қатысқанымен, топтық кезеңнен әрі өте алмаған еді.
Сонымен қатар, Елена Рыбакина 1972 жылдан бері бұл турнирде жеңімпаз атанған алғашқы азиялық теннисші атанып, тарихқа енді.
