Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сырт алаңда «Интерден» есе жіберді

UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі төртінші турда алматылық «Қайрат» футбол клубы Миланда жергілікті «Интер» командасымен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Бәсеке алғашқы минуттардан-ақ италиялық ұжымның басымдығымен өрбіді. «Интер» ойыншылары Темірлан Анарбеков қорғаған қақпаға жиі қауіп төндіріп отырды. Дегенмен, алғашқы кезеңде бірнеше сәттерде доп бағытынан ауытқып, есеп ашылмай тұрды.

Дегенмен, 44-минутта аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинес тамаша соққымен есепті ашып, алаң иелерін алға шығарды.
Екінші таймда қазақстандық клуб ойын ырғағын күшейтіп, белсенділік танытты. 56-минутта бұрыштама добынан кейін Офри Арад баспен соққы жасап, Ян Зоммер қорғаған қақпаны дәл көздеді – есеп 1:1.

Алайда 67-минутта «Интер» ойыншысы Карлос Аугустоның алыстан бағыттаған шалт соққысы нәтижелі болып, Темірлан Анарбеков допқа тосқауыл қоя алмады. Осылайша, ойын 2:1 есебімен аяқталып, жеңіс алаң иелерінің еншісінде қалды.

Айта кетерлігі, бұл кездесуге дейін «Интер» топтық кезеңде өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген еді. Олар бұған дейін «Аякс» клубын – 2:0, «Славия Праганы» – 3:0 және «Юнион Сен-Жилуазды» – 4:0 есебімен ұтқан болатын.

Ал «Қайрат» бұған дейін Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5 есебімен жол беріп, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебінде тең түскен еді.

Келесі ойында алматылық команда 26 қараша күні сырт алаңда Данияның «Копенгаген» клубына қарсы бақ сынайды.

Related posts

Қазақстан мұнай-газ химиясын дамытуға 2030 жылға дейін 15 млрд доллар инвестиция тартады

Назия Жоямергенқызы

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады

editor

Наурызнама онкүндігі: Алматыда «Көрісу күні» аталып өтті

Назия Жоямергенқызы