Қазақстанда мектеп оқушылары үшін жүзу сабағы оқу бағдарламасына енгізілетін болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Су спорты федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мәлімдеді.
Федерация өкілінің айтуынша, бұл бастама UNICEF ұйымының қолдауымен жүзеге асырылады және «Әр балаға жүзуді үйрену мүмкіндігі берілуі тиіс» деген ұстанымға негізделген.
«Жүзу – бұқаралық спортты дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға және су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған стратегиялық маңызды бағыт.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлем бойынша 236 мыңнан астам адам суға кеткен. Оның 82 мыңнан астамы – 1 мен 14 жас аралығындағы балалар. Бұл деректер судағы қауіпсіздік пен жүзу машығын үйретудің өзектілігін айқын көрсетеді», – деді Баландин.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жүзу сабағын дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына енгізу бағытында жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.
«Пилоттық жоба 2026 жылы Астана мен Алматы қалаларында іске қосылады. Кейіннен бастама еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізіледі», – деп қорытындылады өз сөзін Олимпиада чемпионы.
