«Төсекті ұзартуға тура келді»: еліміздегі ең бойшаң сарбаз әскери бөлімнің стандарт төсегіне сыймай қалған


Қазақстанның ең бойшаң сарбазы Әлішер Назымбек қазіргі уақытта өз әскери борышын Маңғыстау облысындағы теңіз жаяу әскері бригадасында өтеп жатыр. 24.kz тілшілеріне берген сұхбатында ол әскердегі өмірі мен ерекше тұрмыстық жайттар жайлы бөлісті.

20 жастағы Әлішердің бойы – 2 метр 9 сантиметр. Ақмола облысының тумасы, ол кәсіби-техникалық білім беру ұйымында “Өрт қауіпсіздігі” мамандығы бойынша оқып, әскерге өз еркімен келген.

“Менің бойым нағашы атама тартқан. Үйдегі есіктерден еңкейіп өтемін, киім табу қиын. Киім-кешектерді арнайы тапсырыспен тіктіртемін. Колледж кезінде кикбоксинг және волейболмен айналыстым”, – дейді сарбаз Әлішер Назымбек.

Әлішер – отбасындағы алты баланың үлкені. Оның айтуынша, бауырларының бойы да ұзын. Әскерге келген кезде 49-размерлі аяқ киім мен өзіне лайық форма табу оңай болмаған, сондықтан әскери бөлім басшылығы арнайы тапсырыс беріп тіккізген. Ал сарбаздың кереуеті стандартқа сыймағандықтан, оның ұзындығын 30 сантиметрге ұзартыпты.

“Біздің стандарт төсек ұзындығы – 190 сантиметр. Әлішердің бойына шақ келмеген соң, төсекті ұзартып, барынша ыңғайлы етуге тырыстық”, – дейді рота старшинасы Алпысбай Мұстафин.

Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Шалабаевтың айтуынша, теңіз жаяу әскері бригадасына іріктеу қатаң талаппен өтеді. Әскерге қабылданарда жауынгердің бойы, салмағы мен денсаулық жағдайы ерекше назарда болады.

“Бұған дейін де бойы 2 метрден асатын сарбаздар қызмет еткен. Олардың бойы 2,08 м, 2,3 м және 2,4 м болған. Сондықтан бригада мұндай ерекше бойлы әскерилерге бейімделген”, – дейді ол.

Қазіргі уақытта теңіз жаяу әскері бригадасында 600-ге жуық жас сарбаз “Жас сарбаз” курсын өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жастар 15 қараша күні әскери ант қабылдау рәсіміне қатысады.

Ал Әлішер Назымбек келешекте жоғары оқу орнына түсіп, офицер атануды армандайды.

Дереккөз:
Қорғаныс министрлігі / 24.kz

Related posts

Кастамону: Деревня Касаба, мечеть Махмут-бея

ttjk

Explore Türkiye’s Flower Garden ‘Isparta’ in the Harvest Season: A Haven of Nature and History

Назия Жоямергенқызы

London Design Biennale 2025: Лондонда 40-тан астам ел қатысқан заманауи өнер мен дизайн көрмесі өтті