Алатау қаласында алғашқы 5G байланыс станциясы іске қосылды

 


Алатау қаласында бесінші буын (5G) байланыс желісінің алғашқы базалық станциясы жұмысын бастады. Жаңа инфрақұрылымның іске қосылуы қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары жылдамдықты интернет қызметін пайдалануға мүмкіндік береді.

Министрліктің хабарлауынша, Телекоммуникациялар комитеті өкілдері Алатау қаласы әкімдігі және байланыс операторларымен бірге «Заречный» және «Жетіген» шағын аудандарында, сондай-ақ «Алматы–Қонаев» бағытындағы автожол бойында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл сапардың басты мақсаты – тұрақты сигнал сапасын қамтамасыз ету және қала маңы аймақтарындағы байланыс қолжетімділігін арттыру болды.

Іс-шара барысында Алатау аумағында алғашқы 5G базалық станциясы ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл станция желінің өткізу қабілетін едәуір арттырып, пайдаланушыларға деректерді жоғары жылдамдықпен жүктеу мен таратуға жағдай жасайды.

Сапар қорытындысы бойынша қала әкімдігінде телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кездесуде 5G желісін кезең-кезеңмен енгізу, мемлекеттік ұйымдар мен тұрғын үй кешендерін сапалы байланыспен қамту, сондай-ақ өңірдегі интернет қызметінің сапасын арттыру бойынша жоспарлар талқыланды.

Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін Алатау қаласындағы барлық білім беру мекемелері жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылады.

Кеңес нәтижесінде 2025–2027 жылдарға арналған Алатау қаласын заманауи мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Құжатта байланыс желілерін жаңғырту, жаңа базалық станциялар салу және әлеуметтік нысандарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша нақты іс-шаралар қарастырылған.

Дереккөз:
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Related posts

КРЕДИТСІЗ КҮН КӨРУ МҮМКІН БЕ?..

editor

Global Incentive Travel Leaders Gathered in İstanbul for the SITE Global Conference

ttjk

Қазақстан халықаралық банктерден қарыз алмақ

editor