Энергетика министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, Олжас Байдильдиновтың қоғамдық көліктегі жолақы құны жөніндегі пікіріне қатысты материалдарға пікір білдірді, деп хабарлайды NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Министрлікте атап өтілгендей, кейбір жарияланымдарда Олжас Байдильдинов Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде көрсетілген. Осыған байланысты министрлік атына журналистерден оның мәлімдемелеріне қатысты сұраулар түсуде. Ведомство бұл мәселені нақтылауға шешім қабылдады.
«Олжас Байдильдинов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылмайды. Қоғамдық көлік қызметтеріне тарифтер қалыптастыру мәселелері бойынша айтылған оның пікірлері жеке көзқарасы ретінде білдірілген және мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын білдірмейді», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік сонымен қатар қоғамдық көлік қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне жататынын атап өтті.
«Аталған мәселе Энергетика министрлігінің жұмыс күн тәртібінде жоқ және оның қызмет саласына кірмейді», – деп көрсетілген түсініктемеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін сарапшы Олжас Байдильдинов Астана мен Алматы қалаларындағы қоғамдық көліктегі жолақы құны қазіргі 110–120 теңгенің орнына 500 теңге болуы тиіс деп мәлімдеген болатын.
Сарапшының айтуынша, қоғамдық көлік саласындағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім және қызмет сапасын жақсартпайды. Ол субсидияларды алып тастауды, жолақыны еркін нарық жағдайында қалыптастыруды және жүру қашықтығына қарай сараланған төлем енгізуді ұсынды.