Қадірлі алматылықтар және шаһар қонақтары! Ертең Алматыда айтулы спорттық шара – «Қайрат» пен «Реал» арасындағы халықаралық кездесу өтпек. Қала әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жанкүйерлерді қабылдауға толық дайын.
Бұл оқиға тек футбол мерекесі ғана емес, сонымен қатар Алматының қонақжайлығын, мәдениетін және бір-біріне деген сыйластығын көрсетудің тамаша мүмкіндігі болып отыр.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында барлық қажетті шаралар қолға алынған. Оған полиция қызметкерлерімен қатар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де жұмылдырылған.
Матчқа байланысты қаладағы көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылады.
«Құрметті тұрғындар мен қонақтар, бұл шараларды түсіністікпен қабылдап, бағыттарыңызды алдын ала жоспарлап алыңыздар. Команданы мәдениетті түрде қолдайық, қоғамдық орындарда, стадионда және көлікте тәртіпті сақтайық. Тазалық пен мерекелік көңіл-күйді бірге қалыптастырайық. Әрқайсыңыздың жауапкершілікпен әрекет етуіңіз – Алматы мен еліміздің абыройына қосқан үлес. Қаламыздың мақтануға тұрарлық екенін баршаға дәлелдейік», – деді полиция өкілі.
Еске сала кетсек, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» – «Реал Мадрид» кездесуі 30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында өтеді. Ойын басталуы – жергілікті уақытпен 21:45.