Түркітілдес журналистер қорының Өскеменде өткізіп жатқан семинар-тренингінде Halyk Bank Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Сәуле Мусаханова қаржылық алаяқтардан сақ болу керектігін айтты: «Әр азамат жеке деректеріне аса сақ болуы қажет. Алаяқтар көп жағдайда «сіздің атыңызға несие рәсімделді», «сізге Банк қызметкері хабарласып тұр», «ақшаңызды арнайы немесе қауіпсіз шотқа аудару қажет», «сіздің ақшаңызды ұрламақшы, күдікті операция тіркелді», «сим-картаңыздың әрекет ету мерзімі аяқталды», «SMS арқылы келген кодты айтып жіберіңіз», «сізге Банктың қауіпсіздік қызметкері хабарласып тұр» деп хабарласады. Мұндайда алаяқтармен сөйлеспеу керек, бірден номерді бұғаттап тастаңыз. Банк картасын онлайн заттар сатып алғанда ешбір жерге сақтап қоймаңыз, номерін ешкімге айтпаңыз. Күмәнді номерлерлен келген сілтемелерді ашпаңыз. Ең бастысы бүгінгі семинарда алған ақпараттарыңызды туған-туыс, жақындарыңызға жеткізіңіздер. Қазір қаржы алаяқтары өте қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оларды ұстау да қиын, тіпті, мүмкін емес. Өйткені олардың барлығы дерлік шет мемлекеттерде отырады».
Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank серіктестігіндегі “Halyk-пен қаржылық сауат” жобасының “Журналистикадағы жасанды интеллект және медиа этика” тақырыбындағы семинар-тренингі басталды. Семинарға Өскемен қаласы мен ШҚО-ның барлық аудандарынан БАҚ басшылары мен журналистері жиналған. Семинар нәтижесінде қатысушылар қаржылық тақырыптағы «Еркін сөз»-2025 байқауына қатысады. Жеңімпаздар Алматыда VI Халықаралық түркітілдес журналситер медиа форумы шеңберінде өтетін марапаттау салтанатына қонақ ретінде шақырылады.
«Түркітілдес журналистер қоры» Баспасөз қызметі