Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мұнай-газ химиясы саласының даму бағыттары мен инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл сала шикізаттық бағыттан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшудің маңызды тетігі саналады.
Министрдің дерегінше, 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасы аясында жалпы құны 15 миллиард долларға жуықтайтын алты ірі жоба қолға алынбақ. Бұл жобалар құрылыс кезінде 16 мыңнан астам уақытша және 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2024 жылы мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 540 мың тоннаға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 150 пайызға артқан.
Саланы жүйелі дамыту мақсатында арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда кәсіпорындарға шикізатқа тең қолжетімділік, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Министр заң жобасын Үкіметтің 2025 жылғы заң шығару жоспарына енгізуді сұрады.
Сондай-ақ, елімізде мұнай-газ химиясына арналған 3,5 мың гектардан астам аумақты қамтитын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Қарабатан, Теңіз және Технопарк алаңдары әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Қарабатанда ірі өндірістік инфрақұрылымдар орналасқан, Технопарк шағын және орта бизнеске арналған, ал Теңіз алаңы полиэтилен өндіретін газ бөлу кешеніне арналған.
2022 жылы іске қосылған KPI зауыты былтыр 250 мың тонна полипропилен өндірген. Қазір кәсіпорын осы өнімнің 12 маркасын шығарып жатыр, жыл соңына дейін тағы екі жаңа түрін шығаруы жоспарланған. Бұған қоса, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Іске қосылуы – 2029 жылға жоспарланған.
Салада бұдан бөлек карбамид, алкилат, бутадиен және полиэтилентерефталат өндіруге арналған жаңа зауыттар салу көзделіп отыр. Бұл жобалар Ақтөбе облысы мен Ақтауда орналасады және 2027–2029 жылдар аралығында іске қосылады.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының
Компьютерлік технологиялар кафедрасының медиажурналистика мамандығының
1-курс студенті Ақнұр Асқарқызы.