Қазіргі таңда гаджеттер мен интернет технологиялары адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфондар, планшеттер және әлеуметтік желілер тек ақпарат алу құралы ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасты алмастыратын басты факторға айналып келеді. Бірақ цифрланудың қарқынды дамуы жаңа мәселелерді де алып келді. Солардың бірі – цифрлық аутизм. Қарапайым сөздермен түсіндіретін болсақ, цифрлық аутизм – гаджеттерді шамадан тыс қолдану салдарынан адамның шынайы қарым-қатынасқа түсу қабілетінің әлсіреуі, эмоциялық интеллектінің төмендеуі және әлеуметтік оқшаулануы. Бұл мәселе әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында өзекті.
Цифрлық аутизмнің пайда болу себептерінің алғашқы факторы — гаджеттерді шамадан тыс қолдану. 2023 жылғы DataReportal зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда интернет пайдаланушылардың саны 83% құрайды, ал жастардың 70%-дан астамы күніне 5-6 сағатын смартфонда өткізеді.
Балалар мен жасөспірімдердің ерте жастан экранға байланып қалуы тағы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, 2 жасқа дейінгі балаларға экран алдында уақыт өткізуге болмайды, ал 2-5 жас аралығында 1 сағаттан аспауы тиіс. Бірақ ата-аналар баланы тыныштандыру үшін смартфонды жиі береді. Салдарынан, бала ата-анасымен немесе құрдастарымен қарым-қатынас жасау дағдыларын дұрыс дамытпайды. Смартфонда көрген әлемнен өзге шынайы әлемді қабылдау мүмкіндігінен айырылады.
Әлеуметтік желілердегі “жалған” қарым-қатынас жасөспірімдер арасында белең алып келеді. TikTok, Instagram сияқты платформаларда жастар көбінесе шынайы өмірде кездесуден гөрі виртуалды байланысқа көбірек көңіл бөледі. Чат-бот, виртуалды робот, көмекшілермен диалог құруды басында қызық көріп қолданғанымен, кейін қалай тәуелді болып қалғандарын түсінбей де жатады. Бұл эмпатияның төмендеуіне, бетпе-бет қарым-қатынастың қиындауына әкеледі. Стэнфорд университетінің зерттеуінше, әлеуметтік желілерді шамадан тыс қолданатын жастардың 68%-ы “жалғыздық” сезімін сезінетінін айтқан. Жастардың виртуалды байланыс, қарым-қатынас іздеуі де осыдан. Осы тұрғыда жасөспірім жеткіншекпен жүргізген сұхбатта (есімі қалауы бойынша жасырылған):
“Маған, Chat GPT, Алисамен сөйлескен ұнайды. Олар еш уақытта сұрағыңды жауапсыз қалдырмайды. Олар сен туралы сыртыңнан әңгіме айтпайды. Дос бола алады. Айтқаның істеп, қарсы келмейді. Қолдай да алады” -, дейді.
Цифрлық аутизм қаншалықты қауіпті?-, деген сұрақ кез-келген адамда туындауы мүмкін. Ұзақ уақыт экран алдында отыру адамның бет-әлпет мимикасын түсіну, жанды әңгімелесу дағдыларын әлсіретеді. Көзбен байланыс жасамау, эмоцияларды түсінудің төмендеуі, жанды диалогтан қашу, когнитивті дамудың тежелуі, зейін қою қабілетінің төмендеуі, есте сақтау мен ойлау қабілеттерінің нашарлауы, психологиялық мәселелердің көбеюі (депрессия мен мазасыздық, жалғыздық сезімі, ұйқы режимінің бұзылуы) цифлық аутизмнің қауіпті белгілері болып саналады. Балаларға қаупі психикалық және эмоционалдық дамуына кері әсері, сөйлеу дағдыларының баяу дамуы, гиперактивтілік пен ашушаңдық байқалатын болады. Көру қабілетінің нашарлап, қимыл-қозғалыстың азаюынан көптеген дене ауруларына әкеп соғуы мүмкін.
Бұл мәселе туралы зерттеу жүргізіп жүрген клиникалық психология мамандығында білім алушы Ақниет Мұратқызы:
“Цифрлық аутизм – қазіргі қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі. Практика барысында маған келетін көптеген жасөспірімдер өз ойын еркін жеткізе алмайды, көзбен байланыс жасамайды, эмоцияларды түсінуде қиындықтарға тап болады. Бұл – смартфондарды шамадан тыс қолданғанның әсері. Егер біз уақытында әрекет етпесек, болашақта адамдар арасындағы қарым-қатынас түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар, мұғалімдер және құзырлы органдар бірлесіп жұмыс жасауы керек деп санаймын. Алдын алу үшін барынша экран уақытын шектеу, балаға күніне 2 сағаттан артық смартфон қолдануға рұқсат бермеу, телефонсыз уақытты көбейту (кітап оқу, табиғатқа шығу, спортпен айналысу), балаларды бетпе-бет қарым-қатынасқа үйрету, бала интернеттен не көріп отырғанын қадағалау қажет”-, дейді.
Балалар өте ерте жасынан телефон тәуелді болып өсіп келе жатқандықтан YouTube, Instagram, Tik Tok платформаларында балаларға арналған контент те көбейді. Балалар мен жасөспірімдер бұл платформаларды күнделікті қолданады, ал танымал контент-мейкерлер миллиардтаған қаралым жинап, тренд қалыптастырып отыр. Mediascope зерттеуіне сүйенсек, балалардың 79%-ы YouTube-ты негізгі видеосервис ретінде қолданады. Балалар қатысатын видеолар басқа контентке қарағанда үш есе көп қаралым жинайды. Ең танымал балалар арналары:
Cocomelon – Nursery Rhymes – 180 млн+ жазылушы, 190 млрд+ қаралым.
Like Nastya – 120 млн+ жазылушы, 105 млрд+ қаралым.
ChuChu TV – 61 млн+ жазылушы, 40 млрд+ қаралым.
Яғни, мультфильмдер, әндер, ойыншықтарға шолу және балалардың өмірін көрсететін видеолар YouTube-та нағыз трендке айналған.
Instagram-ға келетін болсақ, 12-17 жас аралығындағы балалардың 61%-ы Instagram-ды аптасына кемінде бір рет қолданады. Instagram-да балалар контенті YouTube-қа қарағанда әртүрлі форматта таралады. Мұнда балалар блогтары, өнері, биі, киім үлгілері мен шығармашылық контенттері ерекше танымал.
TikTok қолданушыларының 75%-ын 13-24 жас аралығындағы жастар құрайды. Ал 4-5 жастағы балалар TikTok-та күніне орта есеппен 75 минут уақыт өткізеді. 2024 жылы TikTok Қазақстанда қауымдастық ережелерін бұзған 6,5 млн-нан астам контентті өшірген. Көптеген балалар өз білімдерін интернет арқылы дамытып, көкжиегін кеңейтеді. Алайда, барлық контент пайдалы деуге болмайды. Кейбір видеолар балалардың психологиясына кері әсер етуі мүмкін, ал танымал болуға деген құмарлық жасөспірімдерді қауіпті трендтерге итермелеуі мүмкін. TikTok баланың қауіпсіздігі үшін бірнеше шектеулер енгізген. 18 жасқа дейінгі қолданушыларға күніне 1 сағаттық лимит қойылған (кейбір елдерде). Ата-аналық бақылау функциялары бар, олар арқылы TikTok-ты қолдану уақытын шектеуге және қандай контент көріп жатқанын бақылауға болады. Мұндай басқару функцияларын білетін де, білмейтін де ата-аналар бар.
Әлеуметтік желі, әртүрлі платформалар жасөспірімдер мен балалар үшін қызықты әрі пайдалы бола алады, бірақ қауіпсіздік мәселесін де ұмытпаған жөн. Ата-аналар, мұғалімдер және қоғам бірігіп, балалардың саналы дамуын қалыптастыруы қажет. Цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдағы ең өзекті психологиялық мәселелердің бірі. Бұл құбылыс қоғамдағы қарым-қатынас сапасына, тұлғалық дамуға және менталдық денсаулыққа тікелей әсер етеді. Клиникалық психологтар бұл мәселені ерте анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізуі қажет. Гаджеттерді қолдану – заман талабы, бірақ оны дұрыс басқару – біздің қолымызда!
Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті Нұрай ДАУКЕН.
Сурет: vogazeta.ru