АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп ант беріп, АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде қызметіне кірісті. Сондай-ақ АҚШ-тың вице-президенті ретінде Джей Ди Венс те ант беріп, қызметін бастады.
АҚШ конституциясына сәйкес, Джо Байденнің президенттігі 20 қаңтарда Вашингтон уақытымен сағат түскі 12:00-де аяқталып, сол уақытта Дональд Трамп қызметіне кірісті. Трамп осымен екінші рет президенттікке ант берді. Ол бұған дейін 2017-2021 жылдары АҚШ-тың 45-ші президенті міндетін атқарған еді.»Америка Құрама Штаттарының президенті міндетін адал ниетпен атқаруға, АҚШ-тың Конституциясын қолымнан келгенше сақтап, қорғауға салтанатты түрде ант етемін. АҚШ-тың алтын ғасыры дәл қазір басталды. Бүгіннен бастап біз гүлденеміз, барлық ел бізге қызғана қарайтын болады» деді ол. Сонымен қатар Трамп федералдық деңгейде өлім жазасын қайта енгізіп, ресми деңгейде тек екі жынысты ғана мойындайтын және «гендерлік идеологияға» тыйым салатын жарлықтарға қол қоймақ. Бұдан басқа ол «Мексика бұғазының атауын «Америка бұғазы» деп өзгертіп, Панама каналын қайтарып, Марсқа АҚШ-тың туын тігуге барын салатынын айтты. Әлемде бұрын болмаған күшті әскер жасақтап, қауіпсіздікті нығайтуға күш салмақ ниетінін жеткізді. Сенім дағдарысы, радикал көзқарастар, истеблишмент түбірімен жойылатынын айтқан ол осы уақытқа дейін АҚШ шетелдердің шекарасын қорғауға көп ақша жұмсағанын, ал өз халқын назарға ілмей келгенін тілге тиек етті. Ендігі жерде бұл жүйе басқаша жұмыс істемек.
Елдегі инфляцияны азайтып, баға өсімін тоқтатуға уәде берген Трамп автокөлік өндірісін дамытып, газ өндіруді күшейтпек. АҚШ өнеркәсібін дамыту үшін АҚШ азаматтарына салықты азайтып, шетел тауарларына тарифті арттыру көзделеді. Вашингтондағы Капитолий сарайында өткен шараға АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джо Байден, Билл Клинтон, Барак Обама және кіші Джордж Буш, сондай-ақ Джефф Безос, Тим Кук, Илон Маск секілді бірқатар танымал бизнесмендер бой көрсетті.