Жемқорлықпен күрес жөніндегі заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықтырылып жатыр.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов осылай деді.
Оның сөзінше, заң жобасы аясында мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және ретке келтіруді регламенттеу қарастырылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықтырылып жатыр. Осы тарауда мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшыларының мүдделер қақтығысы болған кезде, міндеттері көзделген. Мәселен, мүдделер қақтығысы туралы ақпаратты мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер, квазимемлекеттік ұйымдарда – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер, ал олар болмаған кезде кадр қызметтері қарайтын болады. Хабарламаны қарау нәтижесінде олар мемлекеттік органның және ұйымның басшылығына мүдделер қақтығысын болу немесе болмауы туралы қорытынды ұсынады. Мүдделер қақтығысы болған кезде, мемлекеттік органның немесе ұйымның басшылығы ұсынымдарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша шараларды қабылдауға міндетті. Оның ішінде қызметшіні мүдделер қақтығысы туындаған бөлігінде лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге, сондай-ақ өтінішті, бұйрықты және тағы да сол сияқты құжаттарды қарауды өзге адамға тапсыруы қажет.
«Мемлекеттік органның немесе ұйымның бірінші басшысы өзінде мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша объективті шешім қабылдау үшін өкілеттіктерді өзінің орынбасарына немесе өзге де уәкілетті адамға уақтылы беруге міндетті. Мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған әрі жасалған актілердің, шарттардың немесе басқа шешімдердің күші жойылуы немесе жарамсыз деп танылуы мүмкін», деді агенттік өкілі. Оның сайтуынша, жеке мүдделерді декларациялау енгізіледі. Мемлекеттік лауазымға немесе оған теңестірілген лауазымға орналасатын адам жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларацияны тапсыруға тиіс. Мұндай декларацияны толтыру тәртібі Үкімет актісімен айқындалады.