Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды

Бүгін белгілі қаламгер Мұхтар Мағауин дүние салды. Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. «Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55–те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55),  деп жазды ол.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын тәмамдайды. Кейіннен «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болып қызмет істеді. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізсе, 1984-86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарған. Қаламгер 60-жылдары  әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Шығармалары орыс тіліне аударылып, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы болып та қызмет  етті.

Соңғы жылдары жазушы елден жырақта өмір сүрді. 2006 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Чех Республикасына қоныстанды. Содан бері Чехия, АҚШ, Түркия елдерінде тұрып, шығармашылықпен, ғылыми зерттеулермен айналысқан болатын. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілсе, Қазақстанның Халық жазушысы (1984) атағының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болды.

Related posts

“АЗИЯ ДАУЫСЫ” ПРИГЛАШАЕТ

ttjk

Witness the Fantastic Journey of Caretta carettas in Türkiye  

ttjk

ШУША — 2023 ЖЫЛЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ

ttjk