«Шеврон» — адам мен табиғат арасындағы алтын көпір

Әлемдік алпауыт — мұнай және газ өндірумен айналысатын «Шеврон» компаниясы десе, тіл ұшына алдымен компанияның Қазақ елінде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік бағдарламалары ілігеді. Бұл жобалар алуан сипат пен мазмұнға ие. Жыл сайын біздің, журналистер қауымының, компания қаржыландыратын небір бірегей жобалармен танысуымызға «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ — Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы дәнекер болып келеді.

Ілгеріде компания еліміздегі түрлі қоғамдық ұйымдардың білім, денсаулық сақтау, экономика салаларындағы жобаларына гранттар бөлді, оның ішінде, мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, табиғи апаттардың алдын алу бағыттарындағы жұмыстар, сонымен қатар, медицина еріктілерінің індет кезінде дәрігерлер тапшылығының орнын толтыруды көздеген «Covid-19: бірге жеңеміз» жобасы бар. Компанияның шала туған балаларда кездесетін ретинопатия сырқатының алдын алу мен емдеу ісіне қосқан үлесі де орасан. Ал соңғы екі жыл ішінде «Шевронның» қанаты астында дамып жатқан «Students for Nature» (Студенттер табиғатты қолдайды) жобасының жастардың таным-білімін дамытуда ғана емес, қоршаған ортаны қорғауда да маңызы өлшеусіз.

«Students for Nature» — іргетасы 2004 жылы қаланған Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) жобасы. Жаратылыстану және қоршаған ортаны қорғау мамандықтарын таңдаған студенттерге арналған жоба 6 қала мен 9 жоғары оқу орнын қамтыған. Мақсаты — студент жастардың табиғатты қорғау турасындағы білімдерін байытып, тәжірибелік дағдыларын дамытуға жол ашу. Жануарларды зерттеуге баулу, оларға бақылау жүргізу арқылы мәліметтер жинау. Негізгі бағыттары — жануарлар әлемін сақтау және мекендеу ортасын қорғау, ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізу, қоғамды экологиялық тұрғыда ағарту, заңнамаларға ұсыныс беру, жануарлар дүниесін тиімді пайдалану және сақтау үшін биологиялық негіздеме даярлау, тағы басқадай.
«Students for Nature» жобасы жетекшілерінің бірі — Еңлік Қайырсынова бұл саладағы жұмыстың Қазақстанда зоология мамандығының жойылуы салдарынан туындаған олқылықтардың орнын толтыратынына назар аудара келе:

— Жобаға биология, биотехнология мамандықтарын таңдаған студенттер ғана емес, қызығушылық танытқан өзге саладағы студенттер де тартылды. Мәселен, журналистикада да жануарлар әлемі кенже қалған деуге болады. Бұл тақырыпты кез келген журналист жаза алмайды, сол себепті жобаға болашақ журналистер де қатысты, — деп нақтылады.
Байқауымызша, студенттерді жобада дәстүрлі лекциялар мен кездесулерден бұрын орнитологиялық далалық лагерь ерекше қызықтырған сияқты. Оны жоба қатысушыларымен сұхбаттардан аңғардық.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті Аяулым Мұхаметқали Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының жобаларымен екі жылдан бері таныс. Биология мамандығын меңгеріп жүрген студент Қорғалжын қорығында ұйымдастырылған жазғы лагерьге дейін орнитологтармен бірге қаладағы құстарға санақ жүргізуді үйреніпті.
— Бұрын жануарлар әлеміне пәлендей қызығушылығым болған емес. Бірақ «Students for Nature» жобасы қоршаған ортаға көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Біз Қазақстандағы өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен кәсіби мамандармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Олар — биология ғылымдарының кандидаты Виктория Ковшарь, орнитолог Алтай Жатқанбаев, орнитолог-педагог Елена Ударцева. Оған қоса, National Geographic ұйымының Қазақстандағы өкілдерімен тұмса табиғатты суретке түсіруге машықтандық. Фототұзақтарды орнатудың қызығы бір бөлек. Құстар санағының пайдасы, ғылымда алатын орны туралы білдік. Жазғы лагерь жұмысына аң шаруашылығы және биотехнология мамандығына білім алып жатқан жастар да қатысты, — дейді Аяулым.

Аяулымның сөзі есімізге бала күнімізде мектепте өтетін «Құстар күнін» түсірді. Бұл — құс дегенде көпшілігіміздің есімізге түсетін санаулы көріністердің бірі. Бәлкім, жұрт құстардың түр-түсі мен атауларын жақсы білетін болар, ал олардың тіршілік салтын, өзге де ерекшеліктерін біліп жатқан кім бар?! Мәселен, қыркүйек айында Баянауыл ауданындағы Қос Шалқар көлінде құстар — қаз-үйректер мен аққулар топ-тобымен жаппай қырылды. Жергілікті жұрт бірер күн даурыққанымен, жабулы қазан жабулы қалды. Құс қырғынының себебін түбегейлі анықтауға тырысқан бірде-бір мекеме мен ұйым көзге шалынбады. Егер «Students for Nature» жобасы көздеген мақсаттар жоғары деңгейде жүйелі түрде қолға алынған болса, табиғат мұншама зардап шекпес пе еді… Мұндайда «шіркін, жануарлар мен құстарды қорғау жобасы біздің өңірде неге жоқ екен?» деп ойлаған жалғыз біз ғана емес екен. Аяулымның курстасы Дилфуза біздің ойымыздың үстінен түскендей болды.
— Ірі қалаларда танымалдыққа ие болған «Students for Nature» жобасынан жерлестерім — түркістандықтар бейхабар. Сондықтан университетті бітірген соң өз туған жеріме оралып, мектеп оқушыларын табиғатты, құстарды қорғауға жұмылдырсам деймін. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының жобаларымен 2-курстан бері таныспын. Биылғы жылдың тамыз айында Іле бойында өткен «Bird Fest — 2024» — құстар фестиваліне өз командаммен қатысып, 2-орынды жеңіп алдық. Сайыскерлерге құстарды суретке түсіріп, түрін (атауын) анықтау міндеттелді. Құстарды суретке түсірудің ерекше өнер екенін кім білген! Жобамен танысқанға дейін құстар санағы жүретіні жайлы мүлдем білгем жоқ. Қазіргі уақытта құстарды жақсы ажырата аламын. Және құстармен жұмыс менің сүйікті хоббиміме айналды. «Инстаграмдағы» оқырмандарым мен бірге оқитын құрбы-құрдастарыма тәжірибелік жұмыстарым арқылы қанатты достардың адам мен табиғат үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізіп жүрмін деп ойлаймын. Келешекте жобада қалып, жұмысымды жалғастырғым келеді, кім біледі, мүмкін 20 жылдан кейін менен мықты орнитолог шығатын шығар… — дейді Дилфуза Нуриллаева.

Біз арманшыл Дилфузаға жарқын болашақ тілей отыра, неміс тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасайтын тәржімашы Рауза Мұсабай айтқан мына бір жайтты еске алдық:
— 1987 жылдары неміс тілінен аударған алғашқы еңбегім «Тырналар» деп аталған-ды. Шығармада сипатталған қызықты жайт — орнитологтар тырналардың қанатының астына арнайы зерттеу аппаратын қойыпты. Үшбұрыш құрап ұшатын лекте ең алдындағы тырна жол бастап, қалғандары көздерін жұмып ұшады екен. Тура жиырма минуттан кейін жол бастап келе жатқан тырна артқы қатарға жылжып, өзге біреуі алға озады. Осылайша, тырналар кезек-кезек орын ауыстырып отыратын көрінеді…

Мұқағали ақынның «Аққулар, аңыз көп қой олар жайлы» дегеніндей, құстар жайлы қызық көп. Бірақ қазір біз атаған «Құстар күнінде» шырқалатын құстар туралы әндер де шырқала бермейді. Мектептегі балалар қыстайтын құстарға ұя жасау акциясымен ғана шектеліп жүр. Оның өзінде кейде ұяны ағашқа шегелеп, өсімдіктің діңін жаралап қоятындар бар. Оның үстіне, құс ұясын бояумен бояуға болмайтыны, жылтырақ ағаштан жасау дұрыс еместігі, тағы басқа құстарға қатысты пайдалы деректерді ешкім біліп жатқан жоқ. Жасалған ұялар құстарға пана бола алды ма, одан қанаттылар жем жей ме — ол да белгісіз. Өйткені біздің шаһарда құстардың өмірі зерттеліп көрген емес.

— Мектеп бағдарламасынан ботаника, зоология пәндері алынып тасталып, биология деп қана оқытылады, сәйкесінше балалар өсімдіктану, жа-нуартануға қатысты практикалық жұмыстардан алыстап кетті. Жоғары сыныптың биологиясы тіпті медицина тіліне жақын, тым қиын. Бұрын шаруа қожалықтарына барып, ең болмаса үй жануарларының тыныс-тіршілігін зерттеу мүмкіндігі болатын. Қазіргі қоғамда жануарларға, төрт түлік малға деген сүйіспеншілік аз. Біздің қаламызда жануарларды зерттеп, танумен айналысатын орталықтар жоқ. Бір жағынан, бағдарламада берілмеген соң да балаларды тәжірибелік жұмыстармен қызықтыра алмаймыз, — деп пікір қосты Екібастұз қаласы №36 лицей-мектебінің биология пәні мұғалімі Айгүл Сейілханова. Осы тұста тағы да Аяулымның әңгімесіне оралудың реті келіп тұр.

— Біз майна құсының жылдық санағын жүргізіп келе жатырмыз. Мамыр айында бастағанбыз, әлі жалғастырудамыз. Қазақстанда құстарды, жалпы жануарларды қорғау аса қарқынды дамымаған, дегенмен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы атқарған жұмыс аз емес. Торғай жерінде қауымастықтың қайта реинтродукциялау орталығы бар, онда керқұландар мен құландарды қайта жерсіндіруге мән берілуде. Ақбөкендер популяциясын сақтау да назарға алынған. Мен биыл авиаесеп барысында түсірілген фотосуреттерден ақбөкендерді санауға қатыстым, бұл өте қызық. Айта кету керек, биыл ақбөкендер популяциясындағы түрлер саны 2 833 600-ге жеткен. Осы реинтродукция орталығында биыл алғаш рет жүргізіліп отырған керқұландарды (Пржевальский жылқысы) қайта жерсіндіру жобасына бақылаушы ассистент ретінде қатыстым, — дейді Аяулым.
«Шеврон» компаниясының қолдауы арқылы жүзеге асырылып жатқан «Students for Nature» жобасының тағы бір қатысушысы — Айнара Латифова да Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті. Оралда туып-өскен Айнара да болашақ биология пәні мұғалімі.
— Лагерьдегі жұмыс нәтижесінде құстардың түрін ғана емес, дауысын да танитын дәрежеге жеттік. Сонымен қатар, геоботаникалық зерттеу әдістерін, құстарды бақылауда қолданылатын оптикалық жабдықтарды, GPS навигаторларын, фототұзақтарды пайдалану дағдыларын игердім. Алматы қаласында да бірнеше құс санағына қатыстым. Сорбұлақ көлі маңында зерттеу жүргізіп, құстардың 40-тан астам түрін айқындадық. Сұқсырдың ұясын көріп, аталықтың аналыққа қалай азық тасығанын тамашаладық. Құс санағына қатысып, азайып бара жатқан қанатты достарды және құстардың популяциясын анықтап, экологиялық жүйенің дамуына аз да болса септігімді тигізгеніме қуаныштымын. Жалпы, елімізде жануарлар мен құстарды қорғау мәселесі маңызды, бірақ бұл салада шешілмеген жайт көп. Елде бірнеше қорық пен ұлттық саябақ бар, ондағы жануарлар мен құстардың кейбір түрлері ерекше қорғалады. Алайда браконьерлік, заңсыз аң аулау және табиғи мекендеу ортасының бұзылуы сияқты мәселелер бұған кереғар. Климаттың өзгеруі мен экологиялық проблемалар да жануарлар мен құстардың өмір сүру ортасына кері әсерін тигізіп жатыр деп ойлаймын. Жалпы алғанда, қоршаған ортаны қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау маңызды міндеттердің бірі болып қала беруде. Мен болашақта өзім дәріс беретін оқушыларымды осы салаға бұрғым келеді, — дейді Айнара.
«Students for Nature» жобасы шеңберінде табиғатты тануда тамаша мүмкіндіктер ұсынған Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциация-сы ұжымына, жас зерттеушілермен тығыз қарым-қатынаста болған Дана Сексенова, Алтай Жатқанбаев, Еңлік Қайырсынова, Эльмира Мұстафа және Елена Ударцева сынды тәлімгерлер мен ұстаздарға алғыс жаудырған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті студенттерінің бойынан қоршаған ортаны тануға деген ерекше құлшыныс, қанатты достар мен жануарларға деген сүйіспеншілік сездік.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясына аз-кем тоқталып өтер болсақ, қауымдастықтың Астана және Алматы қалаларында екі кеңсесі бар, 60 қызметкер жұмыс істейді. Ел аумағында 9 филиалы, 5 клубы бар. Қостанай облысында екі аңшылық шаруашылық негізінде құрылған «Алты сай» экологиялық паркі «Әліби» жабайы жылқыларды реинтродукция орталығы жұмыс істейді. Қауымдастық — 2015 жылдан BirdLife International Халықаралық құстарды қорғау альянсының толыққанды серіктесі.
Атап өтерлік жайт, «Students for Nature» — «Шеврон» компаниясының Қазақстанда жүзеге асырып жатқан табиғатты қорғаудағы жалғыз жобасы емес. Биыл елімізде қазақ даласының жан-жануарлар дүниесіне арналған «Қазақстанның тұмса табиғаты» жобасы аясындағы платформа — wilde-life.kz сайты іске қосылды: оны «Шеврон» қаржыландыруда. Жаңа сайтта Қазақстандағы аңдар мен құстардың бірегей фотолары және олар туралы энциклопедиялық мәліметтер орналастырылған. Сайт жұмыстарын Қазақстанның зоология институты мен National Geographic Qazaqstan журналы бірлесіп жүзеге асыруда. Әзірге сайтта 200-ге тарта жануар мен құстың дерегі бар. Алдағы уақытта жануарлардың дыбыстары жазылған аудиолар мен видеолар да салынуы ықтимал. Үш тілде хабар тарататын ақпарат құралы — әзірге Қазақстанның жануарлар мен құстар әлемінің жалғыз электронды деректер базасы. «Шевронның» қолдауымен замана ағымына ілескен осынау жаңашыл жобалар ел экологиясының дамуына серпін беріп, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға мейлінше үлес қосарына сеніміміз кәміл.

Жанаргүл Қадырова, Екібастұз.

Мақала Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің 2024 жылғы
17 қазандағы 42/1762 санында жарияланған (8-9-беттер).

Related posts

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ-2020

ttjk

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

ttjk

ІШКІ ӨНДІРІС ДАМЫМАЙЫНША ИНФЛЯЦИЯНЫ ЖЕҢЕ АЛМАЙМЫЗ