Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан өз төрағалығы кезінде бүкіл міндетті орындады»

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясына қатысты. 

Сессия отырысына Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың біріне айналғанын атап өтті.

«ҰҚШҰ қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады. ҰҚШҰ – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент осы жылдарда ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық операциялар жоспарлы түрде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

«Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. ҰҚШҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сессияаралық кезеңде бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Олар халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарына айрықша мән берілді. Бүгін бізге Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы, Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріңіз және бірлесе нәтижелі жұмыс атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын», деді Мемлекет басшысы.

Related posts

Дүниежүзілік АИТВ-мен күрес күні

ttjk

Tokayev Kazakistan’daki Türkiye Büyükelçiliğini ziyaret etti

ttjk

Түрксоймен серіктестік келісімі

Назия Жоямергенқызы