Еуропалық одақ, Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) және сыртқы істер министрлігінің өкілдері қақтығыс аймақтарынан оралған балалар мен олардың отбасыларын реинтеграциялауға бағытталған бірлескен бағдарламаның прогресін талқылау үшін екінші үйлестіру кеңесіне жиналды.
Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыру аясында серіктестер Қазақстандағы балаларды қорғау жүйесін нығайту және қақтығыс аймақтарынан оралған балаларға қажетті қолдау көрсету шараларын қабылдады.
Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиевтің айтуынша, бағдарламаның табысты болуы барлық тараптардың бірлескен әрекеттеріне байланысты болып отыр. Білім, ресурстар және тәжірибе алмасу арқылы қақтығыс аймақтарынан оралған балаларды реинтеграциялау үшін тұрақты шешімдер ұсына алады.
Кездесу барысында балаларды қорғау жүйелерін нығайту, білім беру және әлеуметтік-психологиялық қызметтерді жақсарту, баламалы отбасылық күтімді кеңейту және қақтығыс аймақтарынан оралған балалардың білімі мен дағдыларын дамыту мәселелері талқыланды.
ЕО делегациясының Қазақстандағы ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур ЕО-ның аймақты қолдауға деген міндеттемесінің маңызды екенін атап өтіп, Еуропалық Одақ қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қорғау және қайта интеграциялау жөніндегі Қазақстанның әрекетін қолдауда сенімді серіктес екенін жеткізді. Оның сөзінше, ЮНИСЕФ-пен және Қазақстан үкіметімен ынтымақтастығымыз білім беру, денсаулық сақтау және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметтердің сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Кездесуде қақтығыс аймақтарынан оралған балаларды қорғау жөніндегі әрекеттерді одан әрі нығайту және аймақтар арасындағы үйлестіруді жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірленді. Айта кетейік, жалпы Қазақстанға қақтығыс аймақтарынан барлығы 526 бала оралған.