Ақылы тұрақтан түскен ақша жеке компанияға жұмсалған

2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда Астанадағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін азаматтарымызға 5 839 114 176 теңге айыппұл салынған. Бұл туралы депутат Нартай Сәрсенғалиев мәлім етті.

«Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік. Бейнебақылау камераларына қатысты да жағдай ағайынды әбден ашындырып отыр. Бір ғана Астана қаласында 13 000 камера бар екен. Солар арқылы салынған айыппұл да айғайлап тұр. 2017 жылдан 2024 жылдың бірінші жарты жылдығын қоса алғанда бейнебақылау камералары арқылы халыққа 45,3 миллиард теңге айыппұл салынған. Соның 26,5 миллиард теңгесі жеке ЖШС-ның қалтасына кеткен. Халықтың қалтасындағы қаржыны опырып алу, оның бір бөлігін жеке компанияларға беру заңды ма?!», деді депутат Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба қазір шектен шығып, халықтың қалтасына ауыртпалық салып отыр.

«Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10 000-ға жеткізу жоспары бар көрінеді. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті  де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең айыппұл салады, сомасы – 10 000 теңгеден асады. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп. Ең сорақысы, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ,  2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге төлеген, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген. Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеу қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе? 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 пайызы мемлекетке түседі деген шешім қабылданған. Мемлекеттік мекеме құрып, қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неліктен жеке компанияға берілгені түсініксіз», дейді ол.

Депутат 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлегенін, оның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленгенін, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскенін айтты.

«Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Жеке компанияның міндеті қандай сонда? Алғашында ақылы тұрақтың арқасында автотұрақтағы қозғалыс жылдамдығы азаяды, тұрақтардың қолжетімділігі артады, көшелерде көлікпен тоқтау ережелері реттеледі деген. Олай болмады бірақ. Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар, тіпті құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындар тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптар мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Халықтың қалтасына осынша түсу заңды ма!?» деді депутат.

Related posts

Гочектен Фетхиеге дейін: көгілдір шығанақтар, тарихи ашылулар

Назия Жоямергенқызы

Шахтада екі адам көз жұмды

editor

Маңғыстау және Атырау облыстарында әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайы өтіп жатыр

ttjk