Халық денсаулығына бөлінген қаражат көлемі артты

Алматы бүгінде медициналық туризмі дамыған шаһардың біріне айналды. Бұлай деуіміздің себебі бар. Мәселен, биылдың өзінде қалада денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 15,2 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр.

Шаһарда денсаулық сақтау инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінген. Айталық, биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 41,6% өсіп, 51,7 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Осылайша, қаржы медициналық жабдықтар мен вакциналарды сатып алуға және күрделі жөндеуге бағытталған. Сондай-ақ биыл 4 МСАК орталығының құрылысы және 12 емханаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұған қоса, 11 жаңа МСАК орталығы мен емхана, сондай-ақ 3 емхананы күрделі жөндеу жобаланады.

Кадрлық әлеуетті арттыру үшін 2 632 дәрігер мен орта медициналық қызметкерді оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы іске асырылып жатыр. Елімізде алғаш рет биыл 13 маусымда Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында «Фетальді хирургия» пилоттық жобасы іске қосылды. Жылына 150 жатырішілік ота жасау жоспарланған.

Бұдан бұрын айтылғандай, биыл Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті 334,2 млрд теңгені құрады. Оның 158,5 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қор былтыр қала тұрғындарына көрсетілген медициналық қызмет ақысын толық төлеген.

«Оңтүстік астаналықтар медициналық көмекті 213 емдеу мекемесі арқылы ала алады. Оның ішінде 122-сі – жекеменшік. Биыл қызмет көрсетушілер саны жаңа он клиникамен толықты, олардың дені бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер, яғни емханалар мен стоматологиялық клиникалар. Олардың тізімімен қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады», дейді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен бірге биылдан бастап қор мен медицина ұйымдарының жұмысында көптеген процестер оңтайландырыла бастады. Мысалы, қаржыны медицина ұйымдары арасында бөліске салу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл өз кезегінде қаржыландыру процесін барынша тездетуге мүмкіндік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірыңғай қызмет пакетін кезең-кезеңмен қалыптастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Қазір үш немесе одан да көп келісімшарттың орнына бір келісімшарт, қос қаржыландыру көзінің орнына – бір пулды пайдалану жобасы жүзеге асырылған. Бұл басы артық қағазбастылықтан арылтып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге септігін тигізді. Мұның пациенттерге кері әсері болмайды. Олар медициналық көмек түрлерін бұрынғыша пайдалана береді» — дейді филиал директоры.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы инвестициялар туралы да айта кеткен абзал. Айта кету керек, Алматы жедел жәрдемге арналған автомобильдер паркін кеңейтіп жатыр. Жуырда ғана Алматыда 55 жедел медициналық жәрдем көлігінің кілттері тапсырылды. Халыққа шұғыл және жедел көмек көрсетуге арналған санитариялық автокөлік жергілікті бюджет қаражатынан сатып алынды. В класына жататын әлемдік брендтердің заманауи медициналық жабдықтарымен: реанимациялық жабдықтармен, дефибрилляторлармен, электрокардиографтармен, ӨЖЖ аппараттарымен және басқа да қажетті жабдықтармен жарақтандырылды.

Алматы қаласы бойынша шұғыл медициналық көмекті, пациентке уақтылы жетуді ескере отырып, аумақтық орналасқан жедел медициналық жәрдем қызметінің 12 қосалқы стансасы қызмет көрсетеді. Ал қала әкімдігінде сатып алынған жаңа машиналар медициналық көмек көрсету сапасын және оның жеделдігін жақсартуға мүмкіндік бермек.

Айта кетерлігі, қазір қалада тәулік сайын желіде 186 ЖМК бригада жұмыс істейді және 3000-ға жуық қоңырауға қызмет көрсетеді. Былтыр жедел жәрдем бригадалары 1 млн-нан астам шақыруды орындаған. Қоңыраулардың 93%-ы 1-3-ші санат бойынша уақтылы жетумен қамтамасыз етіледі.

Санитариялық автокөлікті одан әрі жаңарту мақсатында биыл тағы 48 жедел медициналық жәрдем автокөлігін сатып алу жоспарланған. Мәселен, былтыр әкімдік жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, бұл цифрландыру бойынша жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді, симуляциялық орталықтың жабдықтары мен муляждарын сатып алуға, қызметкерлерді нысанды киімдермен қамтамасыз етуге, медициналық жабдықтарды (қашықтықтан ЭКГ, оттегі ингаляторлары) сатып алуға, қаржы лизингі бағдарламасы бойынша сатып алынған санитариялық автокөлікке уақтылы техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.

Биылға 4 қосалқы станса салуға және 3 қосалқы стансаны күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеу жоспарланып жатыр. Жалпы жедел жәрдем қызметін дамытудың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес халықтың тығыздығы мен қаланың дамуын ескере отырып, 12 жаңа қосалқы станса салу күн тәртібіне қойылған.

Related posts

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы мәресіне жетті

ttjk

Замедлите свой отпуск: Самые красивые города Читтаслоу в Турции

Назия Жоямергенқызы

“АЗИЯ ДАУЫСЫ” БАСТАЛАДЫ

ttjk