6 адам құтырма ауруынан көз жұмды

Елімізде 2019-2022 жылдар аралығында 6 адам құтырма ауруынан көз жұмған, олардың үшеуі – бала. Бұл туралы Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова мәлімдеді.

Алайда биыл Қазақстанда адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеген.  Құтырма ауруының себебі жануарлардың тістеуінен болған. Барлық жағдайда науқастарға медициналық көмекке симптомдар пайда болғаннан кейін ғана жүгінген. Жыл сайын республика бойынша жануарлардан зардап шеккен 50  мыңнан астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді, оның 99 пайызы профилактикалық вакцина егеді. Қалған бір пайызы вакцинациядан бас тартады екен.

«2024 жылғы он айдың ішінде медициналық көмекке жүгінген адамдар саны 44 266 болды. Оның ішінде 32 345 адамды ит қапқан. Медициналық көмекке жүгінгендер арасында 14 жасқа толмаған балалардың саны –  17 078», деді комитет төрағасының орынбасары. Сондай-ақ ол адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеуіне қарамастан жануарлардың тістеуіне, тырнауына байланысты медициналық көмекке жүгінген кезде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізілетінін жеткізді. Жалпы құтырма ауруының 99 пайызы адамдарға иттер арқылы жұғады. Бұл ауруға көбіне 5 жастан 14 жасқа дейінгі балалар шалдығады екен.

Related posts

Прокуратура Талғардағы бала өліміне қатысты мәлімдеме жасады

editor

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады

editor

Ораза қашан басталады?

ttjk