2025 жылғы 26 қазаннан бастап Қазақстанда қандас мәртебесін алу және ұзарту тәртібінің жаңартылған ережелері күшіне енеді

Енді өтінішті электрондық форматта – Бірыңғай көші-қон қызметтері порталы, мобильдік қосымша, Қазақстанның шетелдегі мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.

Өтінішке өмірбаян, сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасы қоса тіркеледі. Сонымен қатар қазақ ұлтына тиесілілікті туу туралы куәлік, паспорт немесе өзге де ресми құжаттар арқылы растау қажет. Барлық құжаттар түпнұсқа және көшірме түрінде ұсынылады, алайда мемлекеттік деректер базасынан алынған электрондық нұсқаларды да пайдалану мүмкіндігі көзделген.

Портал арқылы жіберілген құжаттар «Қандас» автоматтандырылған жүйесіне түседі, онда оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жергілікті органдар қарайды. Өтініш тіркелгеннен кейін өтініш беруші автоматты хабарлама алады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі, ал мәртебе беру туралы шешім үш жұмыс күні ішінде қабылданады.

Жаңа рәсім неғұрлым ашық болмақ: егер құжаттарға қатысты уәжді ескертулер болса, өтініш берушіге алдын ала бас тарту туралы хабарлама жіберіліп, онлайн немесе офлайн форматта тыңдауға қатысуға шақырылады. Тыңдау екі жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі және оның қорытындысы бойынша мәртебе беру немесе бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылданады. Құрметті себептермен қатыса алмау жағдайында тыңдау басқа күнге ауыстырылуы мүмкін.

Мәртебені ұзарту да жеке өтініш негізінде рәсімделеді және ол бір рет – алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады. Шешім екі жұмыс күні ішінде қабылданып, ақпарат «Электрондық үкімет» жүйесі арқылы өтініш берушіге жіберіледі.

“Отандастар” қоры

Related posts

КӨПБАЛАЛЫ ӘКЕ ПӘТЕР ҰТЫП АЛДЫ

ttjk

Алматыда Денис Тен атындағы халықаралық турнир өтіп жатыр

Назия Жоямергенқызы

Мемлекеттік онкологиялық орталықтарда жатыр мойны обырының алдын алуға арналған Ашық есік күні өтеді

editor