Қазақстан перспективалы аумақтарды зерделеу және геология саласына инвестиция тартуға байланысты шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп келеді.
Үкіметтің мәліметінше, минералды-шикізат базасы қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орнын қамтиды және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр. Биылғы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде құрамында минералды қоры мен ресурстары бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды:
алтын — қоры 107,5 тонна, ресурстары 337,04 тонна,
күміс — қоры 1904,5 тонна, ресурстары 172087,2 тонна,
мыс — қоры 4916,7 мың тонна, ресурстары 7796,9 мың тонна,
мырыш — қоры 2549,6 мың тонна, ресурстары 338,9 мың тонна,
темір кендері — қоры 128 тонна, ресурстары 162 тонна,
қорғасын — қоры 1319,5 мың тонна, ресурстары 64,1 мың тонна,
вольфрам — қоры 409,9 мың тонна, ресурстары 743 мың тонна,
хром — ресурстары 464,1 мың тонна,
молибден — қоры 14 т, ресурстары 39 тонна,
марганец — қоры 794 мың тонна, ресурстары 1137,3 мың тонна.
Сондай ақ биыл алғаш рет мемлекеттік есепке көмірсутек шикізатының 6 кен орны қойылды: газ — 1776,5 млн м3.
Мемлекет басшысының былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.Үш жылда қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден асады.