Журналистерге шындықты жариялау мүмкіндігі берілсе, қоғамда оң өзгерістер болады

Жастардың бойында журналистік дағдыларды дамыту және балаларға арналған радио хабарлар дайындауда еңбек ету — үлкен жауапкершілік. Бұлай дейтініміз, халықты ақпаратпен қамтамасыз ету, жас тыңдармандардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыратын мықты мамандарды даярлау қажырлы жұмыс.  Сәті түскенде цифрлық дәуірдегі радио, журналистика мен дикторлықтың болашағы  жайында «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосында қызмет атқарып, радио бағдарламаларының редакторы және жүргізушісі ретінде  танымал қазақ журналисі және радио жүргізушісі  Гүлбағыш Бостанмен сұхбаттасқан едік.

— Журналистика мен дикторлық қызметке қалай келдіңіз және бұл салаға деген қызығушылық қайдан пайда болды?

— Журналистика мен дикторлық қызметке бала кезімнен қызығушылық болды. Әртүрлі жаңалықтарды тыңдап, радиодағы дикторлардың қалай сөйлеуін байқап, осы салаға қызығушылығым арта түсті және мектептегі ұстаздарымыздың үлесі көп деп айта аламын. Себебі бойымыздыға кішкене дарынымыз байқап, соны шыңдау үшін түрлі жарыстарға қатыстырды. Өзіміз де жастайымыздан Мұқағали, Бердібектерді оқып өстік. Әдебиетке деген, жазуға деген, кітап оқуға деген қызығушылығымыз осы жкрналисттканың алғашқы баспалдағы болды. Журналистиканың мәні – халыққа шынайы ақпарат жеткізу және қоғамдағы өзгерістерге әсер ету, осы міндеттер маған өте маңызды көрінді. Сол себепті осы мамандықты таңдап, өзімнің журналистиканы қалай елестететінімді жүзеге асыру үшін көп еңбектендім.

 — Алғашқы эфиріңіз қалай өтті? Қандай сезімдерді бастан кешкеніңіз есіңізде ме?

— Әрине, бұл сәтті ұмыту мүмкін емес. Алғашқы эфирім ерекше толқумен өтті. Алғаш рет микрофон алдында отырып, көптеген тыңдарманның мені естіп отырғанын сезіну бір жағынан қобалжытты, екінші жағынан қуаныш сыйлады. Өте жауапкершілікпен қарадым, өйткені алғашқы әсер маңызды ғой. Эфир аяқталған соң, өзімді жеңіл сезініп, әрі қарай қалай дамимын деген ойлармен шабыттанып шықтым.

— Эфирдегі өзін-өзі ұстап тұру, дауыс пен мимикаңызды реттеу сияқты дағдыларды қалай меңгердіңіз?

— Бұл дағдыларды меңгеруде тәжірибе және арнайы жаттығулар маңызды болды. Алдымен дауысымды жаттықтыру үшін арнайы курстарға бардым, әр дыбысты анық айтып, дұрыс тыныс алуды үйрендім. Мимика және өзін-өзі ұстау дағдыларын игеру үшін эфир алдында көп дайындық жасадым. Кәсіби дикторлардан кеңес алып, өзімді бақылап, түзетулер енгізу арқылы дағдыларымды жетілдірдім.

— Цифрлық технологиялардың дамуы мен әлеуметтік медиа журналистикаға, соның ішінде радиоға қандай әсер етіп жатыр?

— Цифрлық технологиялардың дамуы журналистикаға да, радиоға да үлкен әсерін тигізіп жатыр. Қазір ақпаратты жедел жеткізу талаптары артты, тыңдармандардың көпшілігі жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы алады. Радио да сол арналарға бейімделіп, жаңа форматтарға ауысып жатыр. Подкасттар, тікелей эфирлер және жазбаларды интернетте жариялау – радионың сандық ортада өз аудиториясын сақтауға көмектесуде.

— Қоғамдағы журналистиканың рөлі қандай деп ойлайсыз?

— Қоғамда журналистиканың рөлі өте маңызды деп санаймын. Журналистика – шынайы ақпараттың көзі және қоғамдағы оқиғалар туралы халықты хабардар етуші күш. Сонымен қатар, журналистер қоғамдағы мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне үлес қосады. Бұл біздің демократиялық құндылықтарды қорғауға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға ықпал етеді.

 — Журналистиканың қоғамдағы рөлін өзгерту үшін қандай қадамдар жасау қажет деп санайсыз?

— Журналистиканың рөлін өзгерту үшін алдымен ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету маңызды деп санаймын. Сонымен қатар, жас журналистерді тәрбиелеу, олардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін оқу бағдарламаларын жетілдіру қажет. Журналистерге еркіндік беріліп, шындықты жариялау мүмкіндігі қамтамасыз етілсе, қоғамда оң өзгерістер боларына сенемін.

— Журналистиканың немесе дикторлықтың болашағын қалай елестетесіз? Бұл салада қандай өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?

— Алдағы уақытта журналистикада жасанды интеллект пен жаңа технологиялар кеңірек қолданылатыны анық. Көптеген ақпарат көзі цифрлық форматқа ауысып, әртүрлі платформада қолжетімді болады. Дикторлықта да өзгерістер болуы мүмкін –- виртуалды дикторлар пайда болуы мүмкін, алайда адамның шынайы дауысы мен эмоциясы әлі де жоғары бағаланатынына сенемін.

— Қазақ радиосын дамытудағы өзіңіздің алға қойған жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз қандай?

— Қазақ радиосын дамытуда басты мақсатым – тыңдарманның қызығушылығын ояту және жас ұрпаққа қазақ тіліндегі сапалы, танымдық мазмұн ұсыну. Жаңа бағдарламалар мен жанрларды дамыту, мәдени және тарихи құндылықтарды жеткізу бағытында жұмыс істеуді көздеймін. Сондай-ақ, цифрлық платформаларды пайдаланып, қазақ радиосының қолжетімділігін арттыруды мақсат етіп отырмын.

Сұхбаттасқан:

Дінмұхаммед Өмірзақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті 

Related posts

ҰСТАЗДЫҚ — ҰЛАҒАТТЫ ІС

ttjk

Бибигуль Тулегенова: Мы даем старт молодым певцам в творческую жизнь

МАҚСАТЫМ — ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

ttjk