ӘЗІРБАЙЖАНДА — ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ

Әзірбайжанда бүгін (11 сәуір) кезектен тыс президенттік сайлау өтіп жатыр.

Бастапқыда президенттік сайлау 2018 жылдың қазанында өтуі тиіс болатын. Бірақ Әзірбайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев сайлауды бірнеше ай бұрын өткізуге шешім қабылдаған.

Бүгін жергілікті уақыт бойынша 17.00-де Әзірбайжанның Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауда даыс берушілердің 69,93 пайызы қатысқанын мәлімдеді.

Әзірбайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев 2003, 2008 және 2013 жылдары өткізілген сайлауға үш рет жеңіске жеткен.

2016 жылы Әзірбайжанда ел Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтті. Нәтижесінде, президенттік мерзім 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Егер Ильхам Әлиев бүгін жеңіске жетсе, президенттік тақта 2025 жылға дейін отырады.

11 сәуірде өтіп жатқан президенттік сайлауға қатысудан әзірбайжан оппозициясы бас тартты. Жалпы үміткерлер саны – 8. Олар: «Біртұтас Әзірбайжанның ұлттық майданы» партиясынан Гудрат Гасангулиев, Әзірбайжанның Социал-демократтар партиясынан Араз Әлизаде, Қайта жаңғыру ұлттық қозғалысынан» Фараж Гулиев, «Майдангерлердің бастамашы тобынан» Рази Нуруллаев, «Қазіргі заманғы Мусават» партиясынан Хафиз Гаджиев, өзін өзі ұсынған Захид Орудж, ӘЗірбайжанның Демократиялық партиясынан Сардар Мамедов.

Ильхам Әлиев бүгінгі билік басындағы «Жаңа Әзірбайжан» партиясының үміткері. Алдын ала жасаған әлеуметтік сауалнама нәтижесінде сайлаушылардың 84 пайызы Әлиевті жақтайтыны анықталған. Сайлауалды кампаниясында тікелей эфирден пікірталасқа шыққан 8 үміткер де негізінен қазір президент Ильхам Әлиевтің саясатын жақтайтынын ашық мәлімдеген.

11 сәуір күні таңғы 08.00-де (жергілікті уақыт бойынша) бүкіл ӘЗірбайжанда 5641 сайлау учаскесі ашылған. Олар кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар 32 шет елдегі 41 сайлау учаскесі дауыс берушілер үшін жұмыс істейді. Әзірбайжан Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, 5 миллион дауыс беруші бар. Ал қағазға басылған сайлау бюллетенінің саны – 5,3 миллион.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Related posts

СОТ МАМАНДАРЫ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

Ерекше баланың анасы әйелдің отбасындағы және қоғамдық жұмыстағы рөлі туралы айтты

ttjk

БҰРСА: ТУРИЗМ МЕН СПОРТ САММИТІ

ttjk