Жетістікке бастайтын екі нәрсе

Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыру жолында журналистиканың атқарып отырған жүгі ауыр. Бұл орайда қазақ журналистикасының өткені мен ертеңіне зер салып, алдағы атқарылуға тиіс мақсат-мүдделер тоғысында, оның ішінде радиожурналистика және жаңа заман журналистикасының айырмашылығы төңірегінде «Қазақ» радиосы директорының орынбасары, философия ғылымының кандиданты, кәсіби тәжірбиесі мол, өз ісінің білікті маманы Болатбек Төлепбергенді әңгімеге тартқан едік.

— Сізді еліміздегі білікті журналистердің бірі ретінде білеміз. Бұл жолға қалай келдіңіз және босы саланы таңдауға не әсер етті?

-Журналистика саласына мектепте жүрген кезде  таңдау жасадым. Сол бала күнімде, 5-сыныпта оқып жүрген кезім, қазіргі “Ұлан” газетіне бір шағын ғана хабарламам шықты. Спорттық жарыс өтті. Содан газетке шыққаннан кейін, Қайырбек деген ағам “журналист болады екенсің, енді осылай әрі-қарай жаза бер”деп арқамнан қағып қойды. Содан соң газет-журналдарға көптеген шығармалар жіберіп,біреуі шықса, біреуі шықпай, сөйтіп жүріп өз мамандығымды таңдадым.

— Сіздің ойыңызша, қазақ тілінде ақпарат қандай деңгейде және оның дамуына қандай факторлар көмектеседі?

— Қазіргі қазақ тілінде алып отырған ақпараттарға көңілім толады. Әрине оған даму керек, уақыт талабына сай жетілу керек. Оның дамуына әсер ететін факторларға келсек, көп ізденіп, көп оқу керек, әлем жаңалықтарын қамтып, оның бізге қандай әсері бар, осындай сияқты тақырыптарда тынбай еңбек етсек, сол кезде ғана дами түседі.

— Сіздің мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніңізді де білеміз. Бұл Сізге қандай тәжірибе берді? 

-Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу арқылы жинаған тәжірбием көп. Біріншіден — тәртіп. Тәртіпке бағынып, күнделікті жұмыс ырғағына қосылып, жұмыс істей алу. Күнделікті кесте бойынша жұмыс жасап, ары-қарай даму бар. Талап бойынша жұмыс істеуді үйрендік.

— Ал философия ғылымына қызығушылығыңыз қайдан пайда болды?

— Философия саласына  журналист болып қалыптасқанда, өз тақырыптарымды іздей бастадым. Мысалы: алаш, желтоқсан, репрессия тақырыбы. Осы сынды тақырыптарда жазып жүрдім. Осы тақырыптарды зерттей жүріп, ғылымға қарай бет бұрдым. Өйткені жазған тақырыптарымды ғылыми тұрғыда жүйелеу, ғылыми тұрғыда негіздеу керек деп есептедім. Құрғақ публицистика болып қалмасын деген ой болды. Осы тақырыптарды философия саласымен қатыстырдым. Осылайша ғылымға келдім.

— Қазіргі қазақ философиясының жағдайы қандай және оның дамуына не көмектеседі?

— Қазір бізде мықты, білікті мамандар жетерлік. Ал ғылымның дамуы үшін оған мүмкіндіктер керек, қаражат керек сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды қажет етеді. Бұл ғылымға мемлекеттің көз-қарасы қажет. Сол көз-қарастар жеткілікті деңгейде болған кезде ғана, бұл ғылым дамиды деп ойлаймын. Қазіргі кезде тек философия ғылымы ғана емес, жалпы бүкіл ғылымға жастардың келуі деген мәселеге аса назар аудару қажет болады. Буын алмасу ауадай керек. Қалай дегенмен жаңа буын жаңа леп алып келері сөзсіз. Сондықтан оларға мүмкіндік жасалғаны дұрыс.

— Болашаққа қойған қандай мақсаттарыңыз бар?

—  Мақсат көп. Қоғам мен мемлекетке пайдамды тигізу. Демократиялы елдің негізгі тегершігі — бұл талантты адамдарға мүмкіндік жасау. Таланттарға өздерінің потенциялын көрсете алатындай тетіктер болуы қажет. Осы мәселелерге мемлекетіміз көбірек көңіл бөліп, мүмкіндіктер көбірек жасаса,елімізде талантты тұлғалар көбірек болар еді. Көбейген сайын саннан сапаға өтіп дамуымызда тезірек орын алады деп ойлаймын.

— Отандық журналистикасының болашағы қандай болмақ? 

-Журналистиканың болашағы дамуымызға байланысты. Даму дегеніміз қазіргі әлеуметтік желілер, интернет, біз осы мүмкіндіктерді заманның қойып отырған тетіктерін жоғары деңгейде пайдалана алуымыз. Осы нәрселерді іске асырсақ, біздің журналистикамызда дами түседі деген ойдамын.

— Сіздің ойыңызша жетістікке жетудің негізгі факторы қандай?

-Жетістікке жетудің негізгі факторы ол — еңбекқорлық. Арзан интернет, оның ішіндегі бос дүниеге алданбай, еңбек ету керек. Белгілі бір істі бастаған соң, оны соңына дейін жеткізуді әдетке айналдырған дұрыс. Еңбек және білім, осы екі нәрсе жетіктікке жеткізеді.

Сұхбаттасқан:

Жүніс Төренияз, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы Медиажурналистика факультетінің 2-курс студенті.

Related posts

Абзал Сасан: «Спорт мені дамытты»

editor

Дубляж бір уақытта ұқыптылық, шыдамдылық және актерлік шеберлікті талап етеді

editor

ҰСТАЗДЫҚ — ҰЛАҒАТТЫ ІС

ttjk