Жанжалдардың алдын алу және шешу: Семейде этномедиация бойынша тренинг өтіп жатыр


Семей қаласында ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Диалог дағдылары: этносаясат, жанжалдардың алдын алу және наразылықтармен жұмыс» атты екі күндік семинар-тренинг басталды.

Шеберлік сабағына этномедиация кеңесінің мүшелері, қоғамдық және кәсіби медиаторлар, қала және аудан әкімдігінің, Полиция департаментінің қызметкерлері, сонымен қатар Достық үйі директорлары қатысуда.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында этнос өкілдерінің қатысуымен отбасылық, мұрагерлік, бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзу секілді ондаған жағдай тіркелген. Мәселелердің барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномедиаторлардың көмегімен өзара келісім арқылы шешімін тапқан.

Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Арман Жемагулов іс-шараға қатысып, этномедиацияның маңыздылығына тоқталды.

 

– Бүгін өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан этносаралық медиацияға арналған басқосу ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар семинар-тренинг барысында этносаралық қақтығыстарды реттеу кезінде келіссөз жүргізу мен дауларды сотқа жеткізбей шешудің әдіс-тәсілдерін меңгереді. Жалпы, дауласқан тараптарды сотқа дейін татуластыру – бүгінгі таңда өзекті мәселе, – деді Арман Жемагулов.

Семинар аясында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов қатысушыларға пікірталас, практикалық талдау бойынша дәріс жүргізуде.

Оқу курсы медиация дағдыларын дамытуға және этносаралық қақтығыстардың алдын алуға бағытталған.

— Біздің мақсатымыз – этносаясат пен жанжалдың алдын алу әдістерімен тек теориялық тұрғыда таныстыру ғана емес, сонымен қатар мамандарды практикалық тұрғыда даярлау. Біз нақты жағдайларды талқылап, келіссөздер жүргізу дағдыларын үйрететін тәжірибелі жаттықтырушыларды шақырдық. Дағдарыс жағдайында диалог құра білу – медиацияның басты артықшылығы, – деп түсіндірді бас спикер Әсет Абжақов.

 

Семинар барысында этносаралық қақтығыстардың себептері, шиеленісті күшейтетін факторлар, қақтығыстың анатомиясы мен даму кезеңдері, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу және шешендік өнер тақырыптары қамтылады.

Related posts

Традиционное наследие: молочные десерты

ttjk

Қос елдің достығы ынтымаққа жол ашады

editor

Марат Қожаев Сенат депутаты болып тағайындалды

editor