Жөн сөзге зәруміз

Мүгедектігі бар жандар арасында сынақтарға сынбай, еңбек пен жігердің үлгісін көрсетіп жүрген жандар көп. Қоғамға белсенді араласып, рухы мықты өмір сүруді таңдаған осындай азаматтар қоғамда көп-ақ. Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлының мәліметінше, өңірде 32 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген екен. Бұл – 32 мың тағдыр, 32 мың жанға ортақ күрес.
Бүгінгі қоғамда мүгедектігі жоқ адамдарға да түрлі кедергілер кезігетіні жасырын емес. Ал мүгедектігі бар жандарға бұл кедергілер бірнеше еселеніп түседі. Осыған байланысты қоғамдағы «эйблизм» – яғни, мүгедектігі бар адамдарды кемсіту мәселесіне тоқталуымыз орынды болар. Өйткені эйблизм қоғамда орын алып жатқан кемсітушіліктің көрінісін, олардың құқықтарының бұзылуын байқатады. Бұл мәселе бойынша республикалық «ITeachMe құзыретті дамыту орталығының» директоры Захира Бегалиева өз көзқарасымен бөлісті.
Захира ханымның айтуынша, эйблизм – адамзатпен бірге жасап келе жатқан, байқалмай қалатын кемсітушілік. Бұл ұғымның тамыры сөз мәдениетінің жұтаңдығына барып тіреледі. Мәселен, әуежайда «арбаға отырыңыз» деп айтқан кезде мүгедектігі бар адамдар өздерін «жүк» ретінде сезінуге мәжбүр болады. Жұрт кейде әдеттеніп қалған сөздің мәнін ойламай қолданады. Жай ғана «Қалай көмектесейін?» деп сұраудың орнына, «арбаға отырыңыз» деу арқылы білместіктен қате айтуға жол берілетінін ескермейміз.
Захира ханымның пікірінше, «мүмкіндігі шектеулі жан» деп атау да кемсіту болып саналады, өйткені бұл сөз тіркесі мүгедектігі бар адамдарды әлсіз, шарасыз етіп көрсетеді. Әдетте көпшілік жиында «өзіміз» деп сау адамдарды атап, мүгедектігі бар жандарды «өзге» ретінде бөліп көрсету қалыптасқан. Мұндай ұғымдар мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан оқшаулайды. Бала кезден бастап дұрыс сөздік қалыптастыру арқылы қоғамға деген көзқарасты оңалту маңызды.
Эйблизмнің негізгі көрінісі отбасыда да байқалады. Ата-аналар кейде балаларына ұрысқанда «көзің соқыр ма?», «құлағың керең бе?» деген сөздерді қолданады. Бұл сөздер балаға әсер етіп, оларды әлеуметтік стигмалар арқылы қалыптастырады. Дұрыс тәрбие беру және сөздік қорды талдап, біреуді кемсітуші сөздерден арылу – қоғам өмірін жақсарту үшін маңызды қадамдардың бірі. Кемел қоғамға білім мен көркем мінез арқылы жетуге болады.
Қызылорда облысында мүгедектігі бар адамдарға көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Өткен жылы 5735 аз қамтылған отбасы мен мүгедектігі бар адамдарға 30 млн теңгеден астам қаржылай және қайырымдылық көмек көрсетілді. Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасы шеңберінде, түрлі топтағы мүгедектерге медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, «Инватакси» қызметі 13 арнайы жабдықталған көлікпен қызмет көрсетуде.
Басымызға қандай жағдай түссе де, бір-бірімізді түсініп, кемсітуден аулақ болу – әрбіріміздің адамдық борышымыз. Мәдениеттіліктің ең биік шыңы – әңгіме барысында адам көңіліне қарап сөйлеу.
Иә, жылы сөз адам жанын қуаттандырып, жүрекке шуақ береді. Сөздің құдіреті шексіз. Ойды қуанышқа, қолдауға толы етіп жеткізетін жылы сөздер жанды емдеп, қуаныш сыйлайды. Жақсы ниетпен айтылған сөз қиындықты жеңілдетіп, адамға рухани күш береді. Жылы сөздер қарым-қатынастың да, тәрбиенің де негізі бола алады. Күнделікті өмірде бір-бірімізге жылы сөз арнап, жүрегімізден шыққан шынайы ниетімізді білдіріп, қуаныш пен мейірімділік сыйлап жүрейікші.
Бұл мақаланы жазуға себеп болған «Шеврон» компаниясының әлеуметтік серіктестерінің бірі «IteachMe» қоғамдық қорымен жүзеге асырылатын жобаның бір парасы ғана.
Жалпы «Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобаларының серіктестері қоғамның өзекті мәселелерін шешуде ерекше белсенділік танытып келе жатқанын жалпақ жұртқа белгілі. Қоғамға қажетті пайдалы дүниелерді, әлеуметтік жауапкершілікті ұстаным еткен «Шеврон» компаниясы елдегі тұрақты даму мен қоғам игілігін арттыруға бағытталған көптеген жобаларға қолдау көрсетуде. Компанияның серіктестері арқылы жүзеге асып жатқан бұл бастамалар халықтың әл-ауқатына көмектескеннен бөлек, болашақ ұрпақтың жарқын өміріне әсер етері сөзсіз.
«Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобалары бойынша серіктестерінің атқарып жатқан қызметтері еліміздің әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, мәдени-спорттық дамуына зор үлес қосып келеді. Әлеуметтік жауапкершілік пен әрбір жобаға деген жанашырлықтың арқасында компания өз серіктестерімен бірге еліміздің әл-ауқатын арттырып, қоғамды дамытудың берік іргетасын қалауда. Бұл жобалар болашақта тұрақты қоғам құруға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Мақала шыққан ақпараттық сайттың сілтемесі: https://qunduzkz.wordpress.com/2024/10/20/%D0%B6%D3%A9%D0%BD-%D1%81%D3%A9%D0%B7%D0%B3%D0%B5-%D0%B7%D3%99%D1%80%D1%83%D0%BC%D1%96%D0%B7/

Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2022 БАЙҚАУЫ

ttjk

ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІТІЛДЕС ЖУРНАЛИСТЕР МЕДИА ФОРУМЫ

ttjk

«ЕРКІН СӨЗ»-2021

ttjk