Әділет жүйесін цифрландыру: Қазақстанда заңнаманы талдау үшін жасанды интеллект қолданылады.
Үкімет отырысы барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев әділет жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министр атап өткендей, әділет органдарының цифрлық трансформациясы заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруды, мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі ашықтықты қамтамасыз етеді.
Ең көп сұранысқа ие қызмет түрлері:
- Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорттар беру – 7,3 млн;
- Заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама беру – 2,7 млн;
- Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу – 1,2 млн;
- Азаматтық хал актілерін тіркеу – 330 мың;
- Мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді беру – 262 мың.
«Әділет органдарында 10 үдеріс тобын қамтыған реинжиниринг жүргізілді. Осы жұмыс шеңберінде 17 мемлекеттік қызметті қоса алғанда, 61 бизнес-үдерісті оңтайландыру іске асырылды. 2025 жылы тағы 31 бизнес-үдеріс өткізу жоспарланып отыр», — деді министр.
Оның айтуынша, аталған шара көрсетілетін қызметтердің сапасын айтарлықтай жақсартуға және халықтың қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік берді.
Цифрлық трансформацияның арқасында сот шешімдерін орындауға, заңгер кеңесін беруге және сараптама жүргізуге байланысты үдерістерді жаңғыртуға қол жеткізілді.
«Біз жүргізілген реинжиниринг есебінен бизнес-үдерістердің тиімділігі 54%-ға артады деп күтеміз», — деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
2023 жылдың 11 сәуірінен eGov Mobile платформасында азаматтарға нотариустың жеке қатысуынсыз бейнебақылау арқылы «Цифрлық нотариаттық сенімхаттарды» рәсімдеуге мүмкіндік беретін жоба іске қосылды.
Айта кетейік, бұрын Қазақстанда сенімхатты ресімдеу қағаз жүзінде және бюрократиялық түрде болатын. Жекелеген өңірлердің географиялық орналасуына байланысты нотариаттық қызметтерді алуда қиындықтар туындады.
«Электрондық нотариат жүйесін енгізу, әсіресе электрондық сенімхаттар бөлігінде заң қызметтерін цифрландыруда елеулі қадам болды. Бұл нотариаттық іс-әрекеттердің ашықтығын, нақты уақыт режимінде нотариаттық жазбаларға қол жеткізуін, сондай-ақ кіріктірілген тетіктер есебінен құжаттардың түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деді министр.
Сонымен қатар сенімхатты ресімдеудің уақыты бірнеше сағаттан 10 минутқа дейін қысқартылды.
Бұл қызмет сұранысқа ие және халық тарапынан оң қабылданды. 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы ресімделген онлайн-сенімхаттар саны 4 есеге (33 368-ден 134 746-ға дейін) ұлғайды.
Қазір атқарушылық жазба процесін цифрландыруға және істерді адамның қатысуынсыз автоматты түрде бөлуді енгізуге мүмкіндік беретін жобаны іске қосуға дайындық белсенді жүргізілуде. Аталған бастаманы «E-notary» жүйесінде іске асыру жоспарланып отыр, бұл нотариаттық қызметтерді цифрландырудың келесі кезеңі болмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің баяндамасында айтылғандай қазіргі уақытта атқарушылық жазба қолмен ресімделеді. Соның салдарынан істерді біркелкі бөлуде қиындықтар туындайды және сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелі сақталуда. Сондай-ақ тараптарды (өндіріп алушылар мен борышкерлерді) хабардар ету үдерісі қазіргі заманғы байланыс арналарының болмауынан жиі созылып кетеді. Статистика бойынша, 2022-2023 жылдар аралығында 2 022 335 атқару жазбасы тіркелген, олардың 141 594-і жойылған, бұл жүйенің жоғары жүктемесін және оны трансформациялау қажеттігін көрсетеді.
«Жобаны енгізу арқылы тараптар eGOV және СМС арқылы хабарламаларды уақтылы алады, ал автоматты тарату алгоритмі адами факторды болдырмайды деп болжануда. Сонымен қатар, өндіріп алушылар мен борышкерлерге арналған өтініш беруге, хабарлама алуға және наразылықтарды электронды форматта беруге мүмкіндік беретін жеке кабинетті іске асыру жоспарлануда. Бұл қарау уақытын қысқартады, қателер санын азайтады және барлық кезеңдерде ашықтықты қамтамасыз етеді. Болашақта жеке кабинеттің қызметі кеңейтіліп, нотариуспен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді», — деп толықтырды ол.
Astana Hub экожүйесінде әділет саласында цифрлық өнімдерді әзірлейтін стартаптар да бар.
Компаниялар құжат айналымын автоматтандыруға көмектеседі, шарттарға қол қоюды жеңілдетеді. Бұл жобалар 30 млрд теңгеден астам табыс тауып, жүздеген жұмыс орнын ашты.
«Бүгін біз құжат айналымы саласында инновациялық шешімдерді енгізумен айналысатын кейбір компаниялардың өкілдерін шақырдық. Бірінші стартап – бұл Trust Me, ол СМС және басқа да верификация әдістері арқылы келісім жасауға көмектеседі. Стартап АҚШ-тағы Hero Training акселерациялық бағдарламасына қатысты. Біз бұл бағдарламаны АҚШ нарығына шығуға көмектесу үшін жыл сайын Draper University-мен бірл есіп жүзеге асырамыз. Бағдарламаға қатысудың арқасында стартап жақында белгілі америкалық венчурлық инвестор Тим Дрейперден $1 млн көлемінде инвестиция тартты. Тим Дрейпер Tesla, SpaceX, Skype, Baidu сияқты ірі компанияларға инвестиция салды. Осылайша, біздің IT-компанияларымыз шетелдік ірі инвесторлардың назарын аударуды жалғастыруда», — деп таныстырды Үкімет отырысында Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, әділет саласын цифрландырудың әлемдік тәжірибесі келесідей:
- Италияда жасанды интеллект заңнамалық түзетулерді талдау және жүйелеу үшін пайдаланылады.
- АҚШ заң жобаларына шығыстар сметасын жасау процесін жеделдету және олардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін талдау үшін жасанды интеллект пайдалана бастады.
- Ресейде заң техникасының талаптарына нормативтiк құқықтық актiлер тексеру үдерісін автоматтандыру, құжаттардың жиынтығын тексеру және қолданыстағы және әзірленіп жатқан нормаларды талдау үшін жасанды интеллект қолданылатын жүйе жұмыс істейді.
«Бүгінгі таңда Qazaq Law жасанды интеллект агенті жұмыс істейді. Агент заңнаманы талдауға және заң шығару үдерістерін автоматтандыруға арналған. Qazaq Law бағдарламасымен диалогты бастау үшін QR кодын сканерлеуге болады», — деп түйіндеді Жаслан Мәдиев.