Бүгін Өнер орталығында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концерті өтті. Фестиваль Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Оған «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және отандық белгілі ғалымдар, зерттеушілер, мәдениет пен өнер майталмандары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев фестивальдің түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтудағы және ұлттық өнерді дәріптеудегі маңызын атап өтіп, бауырлас елдерден келген қонақтарға алғысын білдірді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше Әзербайжан Республикасының Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 12-ші саммитінде: «Түбі бір түркі жұртының тарихы тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы», – деген болатын.
Бауырлас халықтардың рухын көтеру, фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайтуда фестивальдің маңызы зор.
Қорқыт баба мұраларының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілуі – жылдар бойы бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижелі жемісі.
Күллі түркі дүниесінің назарын өзіне аударған, кең даланы жырға бөлеп, нұрға толтырған бұл дәстүрлі өнер мерекесі – ұлттық рухымыздың, түркі жұртының мәңгілік мұрасы мен мәдени сабақтастығының жарқын көрінісі. Түркі халықтарының бірлігі мен рухани тұтастығы нығая берсін! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, егемендігі еңселі болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
«Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түбі бір түркі туыстардың басын қосқан халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Қызылорда облысының басшылығына алғысын айтты.
Концертте әйгілі жыраулар мен жыршылардың қайталанбас мақамдарын бүгінге жеткізген, ұлттық өнеріміздің шынайы насихатшыларына айналған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, Бисембек Төлеубай және Жетісу жыр мектебінің түлегі Нұржан Жанпейісов, Арқа мектебінің өкілі Біржан Есжанов, Салтанат Ерсұлтан жырдан шашу шашты.
Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан келген Урмат Ынтаев, Айдын Орсулов табиғатқа, ата-баба рухына және ерлік жырларына негізделген көшпелі халықтың әуені өз болмысын жоғалтпағанын тағы бір көрсетті. Көмеймен айту өнері мен топшур, қобыз сияқты көне аспаптардың үні Алтай халықтарында әлі күнге дейін сақталған. Бұл әуендер таудың желін, өзен суының сылдырын және малшы өмірінің тынысын бейнелейді.
Әзербайжаннан келген «Карабах» мұғамшылар тобы ұлттық нақыштағы күрделі әуен өрнектерін орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Қырғыз елінің қомызшылар ансамблі мен Самат Кочербаев «Ақақ» шығармасын орындап, түркі халықтарының көне саз мұрасын жаңғыртты. Өзбекстанның «Шашмақом» ансамблі мен бишілер тобы ұлттық өнердің үздік үлгісін сахнаға шығарды. Алматы қаласынан келген «Арқайым» нео-этно фольклорлық ансамблі «Тенгир Азун» шығармасын орындап, ескі сарынды заманауи тәсілмен үйлестірді.
Көне түріктердің көмеймен ән салу дәстүрі Тыва халықтарында жақсы сақталған. Олар көмеймен ән салуды «хоомей» деп атайды. Ықылым заманның мұра өнерін сақтап қалған халықтың «Эш» фольклорлық дуэті де бүгінгі фестивальдің құрметті қонағы болды. Түркия Республикасынан келген Синан Барыш, Камбер Нардың өнеріне көрермен ерекше қошемет көрсетті.
Халықаралық фестиваль бүгінгі түркі мәдениеті мен музыкасы ортақ тарих пен рухани тамырдан нәр алғанын, туыс халықтардың әндері мен әуендері бір-бірімен үндесіп, бауырлас елдердің бірлігін күшейтетінін тағы бір дәлелдеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі