Қызылорда облысынан ежелгі дәуірдің динозавр сүйегі табылды

Қызылорда өңірінен динозаврдың сүйегі табылды. Бұл жаңалықты облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары хабарлады. Олардың алдын ала болжамынша, табылған сүйек шамамен Бор дәуірінде өмір сүрген ірі жыртқыш немесе шөпқоректі динозаврдың қаңқасына тиесілі болуы мүмкін, деп жазады 24.kz.

Зерттеу жұмыстары Қармақшы ауданының орталығынан солтүстікке қарай 90 шақырым жерде, ғалымдар Шах-Шах шатқалы деп атайтын аумақта жүргізілген.

Табылған сүйектер қазір палеонтологтарға жіберілмек. Мамандар оның нақты қай түрге жататынын және жасы мен құрылымын анықтайтын болады.

Облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, дәл осы аймақта 1968 жылы “Аралозавр” деп аталған динозаврдың бас сүйегі табылған болатын. Бұл – Қазақстан аумағындағы ең алғашқы ғылыми тұрғыдан дәлелденген динозавр сүйектерінің бірі саналады.

“Біздің елде палеонтологиялық кешендер өте аз. Сол себепті табылған әрбір жәдігердің тарихи және ғылыми маңызы зор. Соңғы табылған сүйектер де баға жетпес құндылық болып отыр. Алдағы уақытта палеонтологтармен бірлесе зерттеу жүргіземіз. Бұл жаңалық еліміздің ғылымы үшін үлкен серпіліс болмақ. Болашақта бұл аумақ туристер жиі келетін нысанға айналуы мүмкін. Шетелдік ғалымдардың қызығушылығын туғызған бұл жерді арнайы қорғалатын аймақ ретінде сақтауымыз қажет”, – деді Асхат Сайлау.

Мамандардың пікірінше, Шах-Шах шатқалы тек Қызылорда облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның палеонтологиялық картасында ерекше орын алуы ықтимал. Егер зерттеу нәтижелері болжамды растаcа, өңір еліміздің ең ірі археологиялық және туристік орталықтарының біріне айналуы мүмкін.

Related posts

Ыстамбұл Ататүрік мәдени орталығынан әйелдерге қолдау

ttjk

ТҮРКСОЙ-ҚАЗАҚСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ АРТТЫ

ttjk

ҚР Президентін сайлауда қайдан дауыс беруге болатынын Halyk Homebank-те білуге болады

ttjk