Тұтынушы құқығын қорғау маңызды

Бүгінде тұтынушылар құқығын қорғаудың маңыздылығы арта түсті. Саладағы жұмысты жеңілдетудің түрлі жолдары қарастырылып, қолданыстағы заңдарға да өзгертулер мен түзетулер енгізіліп жатыр. Бұған сәйкес өңірлерде де жұрттың талап-арыздары уақытында қаралып, тиімді шараларды атқару басым бағытқа айналып отыр. Айталық, Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы сақтауда кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.

Қазір қалада Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде және Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшылығымен «Жаңашыр» халықаралық қоғамдық қоры тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында азаматтарды оқыту және үйрету жобасын жемісті жүзеге асырып жатыр.

Жобаны өз мойнына алған «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қорының Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде «Тұтынушы-Потребитель» ақпараттық аккаунттары белсенді жұмыс істеп келеді. Жоба аясында тұтынушылар осы жерден өздеріне қажетті ақыл-кеңес алып, арыз-шағымдарын айтып отыруға мүмкіндік алады. Қор басшысы Жаңыл Әпетованың айтуынша, бүгінгі күні тұтынушылар шағымының 50%-ы интернет-саудаға байланысты. Оның сөзінше, тұтынушылардың дені соңғы өзгертілген заңдарды толық білмейді. «Қазір республика көлемінде тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі департаменттер жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, арнайы шұғыл телефон жұмыс істейді. E-otinish немесе e-tutynushy деген сайттар арқылы да халық өзінің мұқтаждықтарын, ұсыныс-пікірлерін айтуға жағдай жасалған.

Халықты ақпараттандыру мақсатындағы жұмыстарды жүргізу үшін кеңес беру шарасы қолға алынып отыр. Тұтынушылар құқығына байланысты шағым-арыздарды сотқа жеткізбей, медиаторлармен, болмаса қоғамдық ұйымдарға жүгіну арқылы шешуге мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, Алматының бір өзінде ғана осында 20-ға жуығы жұмыс істейді. Соңғы заңдарда сол қоғамдық ұйымдарды күшейтуге басымдық берілген. «Ал бізге тапсырыс беріп отырған Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы. Бұл ақпараттандыру мақсатындағы жоба, жыл соңына дейін жалғасады. Алматы қаласындағы барлық сауда орталығына заңгерлерді, мамандарды алып барып, сол жерлерде отырып жұмыс істедік. Халықтың тікелей сұрақтарын, шағымдарын тыңдадық. Whatsаpp нөмірімізге де шағымдарын жазатындар көп. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жоғары оқу орындарындағы студенттермен шеберлік сағатын өткізу жоспарда тұр. Мысалы, халықпен, тұтынушылармен жұмыс істейтін оқу орындарын барып, құқықтарын қорғау мәселелерін түсіндіруді қарастырып отырмыз. Маусымда басталған бұл шарамыз жыл соңына дейін жалғасады», дейді қор басшысы.

Жоба аясында қолға алынған бұл шараға бір ғана сауда орталығындағы кеңес беруге 50 шақты адам жүгініп отырған. Жекелеген заңгерлерге де қойылатын сұрақтар уақытылы жауап беріліп отырады. Айта кету керек, Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаменті бағыт-бағдар беруімен атқарылып жатқан шара халықтың өз құқығын қорғауға септігін тигізіп жатқаны қуантады.

Айталық, дүкен сөрелеріндегі заттардың қолданыс мерзімінің сай келмеуі, кейде заттар бір бағаны көрсетіп тұрып, кассада өзгеріп шыға келуі де тұрғындарды толғандырады. Оған қоса, «жеңілдік» деп тұрған заттардың да кассаға келгенде басқа бағамен сатылатыны, мысалы, 50% жеңілдікпен сатылатын заттардың айтылған бағаға сай келмеуі, кей заттардың мемлекеттік тілде ақпараты болмауы сынды мәселелерді алға тартатындар бар. Мәселен, Корея өнімі елдегі дүкенде сатылғанда қазақшасы берілуге тиіс. Қызмет ақысына қатысты да дау көп. Осы орайда шаһардағы тұтынушылардың құқығын қорғауға жауаптылар заңсыздыққа жол бермеуге бағытталған жобалардың сәтті жүзеге асып, халықтың артық қызметтерден, керексіз проблемаларға ұшырауының алдын алуға барынша кірісіп отырғаны көңіл қуантады.

 

Related posts

Алматы: он жылдағы рекордтық көрсеткіш

Назия Жоямергенқызы

Алматыда соңғы 10 жылда экономиканың рекордтық өсуі байқалды

ttjk

Халықтың жайын ойлаған кәсіпкерлікті қолдаған

editor