ЮНЕСКО—ның Халықаралық білім күніне арналған “Тұрақты даму мақсатында білім беру: инновациялық модельдер” атты IV Халықаралық Қысқы мектебінің ашылуы өтті.
17 ақпан күні Әл—Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ЮНЕСКО—ның Халықаралық білім күніне арналған “Тұрақты даму мақсатында білім беру: инновациялық модельдер” атты IV Халықаралық Қысқы мектебінің ашылуы өтті. Іс—шара Әл—Фараби кітапханасының 409 конференция залында ұйымдастырылып, еліміздің және халықаралық деңгейдегі медиа мамандары, сарапшылар, студенттер мен оқытушылар қатысты.
Ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі—проректор Алтай Қазмағамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ Президенті Бибігүл Жексенбай, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самек, ЮНЕСКО—ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Түрікменстандағы өкілі Амир Пирич сынды беделді тұлғалар болды.
Шетелдік сарапшылар да Қысқы мектептің ашылуына онлайн форматта қосылды.
Қысқы мектеп аясында медиасауаттылық пен медиаэтикаға ерекше назар аударылды. Осы бағытта “Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ Президенті, ұстазым Нәзия Жоямерген арнайы дәріс оқып, қазіргі журналистиканың маңызды аспектілерін талқылады. Ол медиаэтиканың маңыздылығына тоқталып, журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен медиасауаттылықтың рөлін атап өтті.
Сондай—ақ, Алматы Менеджмент Университетінің Медиа және кино мектебінің академиялық деканы Әлия Нұршайықова “Жаңа технологиялардың қазіргі журналистиканың дамуына әсері: медиакоммуникацияның цифрлық дәуірі” тақырыбында дәріс оқыды. Ол цифрлық технологиялардың журналистикаға ықпалы мен жасанды интеллект туралы баяндады.
Сонымен қатар, ҚазҰУ—дың Картография және геоинформатика кафедрасының профессоры Әсима Көшім Маңғыстау өңірінің табиғаты мен әсем жерлері туралы әңгімелеп, оның ерекше ландшафттары, тарихи орындары және табиғи көркемдігі жөнінде баяндады. Ол аймақтың географиялық ерекшеліктеріне тоқталып, экотуризмнің даму мүмкіндіктерін атап өтті.
Қысқы мектептің ашылу рәсімі жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар пайдалы ақпарат алып, өзара тәжірибе алмасты. Алдағы күндері түрлі тақырыптарда шеберлік сабақтары мен пікірталастар жалғасады.
Сыдықбек Анел, Ғ.Мүсірепов атындағы №86мектеп—гимназиясының 11-сынып оқушысы, Алматы.