QAZFORUM-2021 БАСТАЛДЫ

НҰР-СҰЛТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОНЛАЙН-КОНТЕНТ ЖАСАУШЫЛАРДЫҢ V ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

2021 жылдың 5-ші қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында QAZFORUM қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V Форумы өтеді. Форумның тақырыбы «Қазақ интернеті: бүгіні мен болашағы» аясында қазақтілді медианы дамытудың жаңа трендтерін талқылау жоспарланып отыр. Қазақ тілінде ұсынылатын контенттің ең өзекті мәселелерін сарапшылар мен журналистер, блогерлер мен бейне-контент жасаушылар талқылайды.
QAZFORUM бастамашысы және идеялық қолдаушысы – АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі, ұйымдастырушы – «Business Event&Rent» агенттігі.


Биыл шараны «Kaspi Bank» АҚ, «JUSAN BANK» АҚ, «AirAstana» АҚ және Sheraton Nur-Sultan қолдады.
QAZFORUM онлайн-БАҚ редакторлары үшін шағын іс-шарадан еліміздегі қазақ тіліндегі медиа, оның қоғам дамуындағы рөлі, БАҚ пен онлайн-медиа алдында тұрған өзекті күн тәртібін және қазіргі заманғы сын-қатерлерді талқылайтын ірі пікірталас алаңына айналды. Жыл сайын ұйымдастырушылар қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауды және халықаралық тәжірибе негізінде қазақстандық медиа-нарықтың даму перспективаларын айқындауды ұсынады.
Қазнет тарихын таныстыратын бейнероликтен басталған жиын қатысушыларын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева форумның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Qazforum — қазіргі таңда қазақ тіліндегі контент жасаушылардың өзекті мәселелерін көтеретін бірден-бір платформа болып отыр» — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Форум барысында спикерлер мен қатысушылар талқылайтын тақырыптар: «Тәуелсіздік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақстандық онлайн-контенттің ерекшелігі неде?», «Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?», «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғамы».

«Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?» атты бірінші пленарлық талқылауда танымал шоумен, сценарист және продюсер Марат Оралғазин, Galamat Media жетекшісі Абай Серғазиев, factcheck.kz қазақ нұсқасының бас редакторы Думан Смақов, Salem Social Media креативті продюсері Бұхар Марат, ZTB Media негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов COVID-пандемия әлемді қалай өзгерткенін, оң өзгерістердің бар-жоғын, инфодемия қаншалықты өскенін, қандай сабақ алғанымызды және алдағы жылы бізді қандай медиа-трендтер күтіп тұрғаны жайында тәжірибелерімен, ойларымен бөліседі. Сессияның модераторы – тележүргізуші Ғалымжан Кеншілік.
Форумның екінші сессиясының тақырыбы – «Тәуелсіздік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақстандық онлайн-контенттің бірегейлігі неде?». Сессия модераторы – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин. Ол «Қазақстан «РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай, продюсер Ерболат Беделхан, ОZEN лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хусейн, Brave Talents негізін қалаушы Алмас Жали және JKS Entertainment (Tik-Tоk хаустар өкілі) тең құрылтайшысы Асхат Халимовпен бірге қазақстандық және қазақ тіліндегі онлайн-контентті кім жасап жатқанын, қазақтілді медиа-тауардың экспорттық әлеуеті қандай екенін, қазіргі заманғы контентті қалай монетизациялауға болатынын талқылайды.
Форумның екінші бөлімінде «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғам» панельдік пікірсайыс барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, PR-маман Әлішер Елікбаев, ҚазҰУ журналистика факультеті деканының орынбасары Карлыға Мысаева, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алдағы 30 жылда медиа мен қоғамда қандай өзгерістер болатынын, өзгеріс кезінде медианың атқаратын рөлі және сол өзгерістер үшін бүгіннен бастап не істеу қажет деген сұрақтар төңірегінде ойларымен бөліседі. Бұл сессияны белгілі блогер және тележүргізуші Өркен Кенжебек жүргізеді.
Сессиядан кейін форум қатысушылары қазақстандық және шетелдік мамандардың шеберлік сабақтарына қатыса алады. CNN бұрынғы тілшісі және желідегі #HashtagOurStories қозғалысының негізін қалаушы Юсуф Омар «Вирустық бейнелерді телефон арқылы түсіріп, әлемді қалай өзгертуге болады?» тақырыбын қозғайды, The Village Kazakhstan директоры Айсана Әшім медиа монетизациялау тәжірибесімен бөлісіп, ал медиакеңесші Асхат Еркімбай «Data Mapping» туралы мастер-класс өткізеді.
Форум шеңберінде алғаш рет Qaz Startup Battle өтеді, бұл байқау қазақ тілін дамыту мен қазақ тіліндегі контент құруға бағытталған стартаптар арасында өткізілетін болады. Байқаудың жүлделік қоры 3 500 000 теңгені құрайды. Бас жүлденің жеңімпазы өз IT-өнімін дамытуға 2 000 000 теңге, ал екінші мен үшінші орындарға ие болған стартаптар сәйкесінше 1 000 000 теңге мен 500 000 теңге ақшалай жүлдеге ие болады.
Форум қонақтары «Қазнет тарихы» көрмесіндегі фотосуреттермен, сондай-ақ қазақстандық суретші Бақыт Шүкетаевтың туындыларымен таныса алады.
Форумның аяқталуына қарай қонақтар үшін қазақстандық жас жұлдыздар ОZEN лейблының Yenlik және Dudeontheguitar әншілері өнер көрсетеді.

Related posts

Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді

Назия Жоямергенқызы

Судья пара алған

editor

ATU: ЖАҢА БРЕНД — ЖАҢА БЕЛЕС

Назия Жоямергенқызы