Орталық Азия – тиімді серіктестікке мол мүмкіндік ашатын аймақ

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық канцлер Олаф Шольцке, Орталық Азия елдерінің президенттері мен неміс компанияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші кездесу санқырлы серіктестікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттер басшыларының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растайды.

«Германия мен өңірдегі мемлекеттердің арасындағы байланысқа ұдайы дәнекер болып келе жатқаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ерекше алғыс айтамын. Германия – экономикалық және технологиялық инновация саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл елдің өнімдері өзінің сапасымен әйгілі. Ал Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор әрі өзара тиімді серіктестікке мол мүмкіндік ашатын аймақ. Орталық Азия – Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан технологияны трансферттеу, өндірісті локализациялау және қосылған құны жоғары өнім шығару ісінің орталығы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі салада ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Аса қажетті шикізатты игеру, энергетика, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технология сияқты салалардағы кооперацияны одан әрі нығайтудың перспективасы мол», – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесуге қатысушылар достық және сындарлы сипатта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев идея мен тәжірибе алмасу өңірдегі мемлекеттердің жан-жақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Related posts

Шетелден көлік әкелетін жеке тұлғаларға тосқауыл қойылмақ

editor

Turkaegean herbs add flavour and health to recipes

ttjk

Imperial Ambassadors Bring Incredible Travel Stories to the World

ttjk