Барлық жастағы жанкүйерлер ұран айтып, футбол әуендерін қосыла орындап, Қазақстанның әнұранын шырқауға және алматылық клубты барынша қолдауға әзірленіп жатыр.
Кәсіпкерлер де жанкүйерлерді керек-жарақпен толық қамтуға тырысқан – стадион айналасында шарфтар, тулар, футболкалар, телефон қабы мен «Қайрат» таңбасы бар түрлі бұйымдар сатылуда. Кішкентай жалаушалар 500 теңгеден, үлкендері 1000 теңгеден ұсынылған.
Футболка, шарф, ту, жапсырма және кілтке тағылатын әшекейден тұратын жинақтың бағасы – 8000 теңге. Екі клубтың аты жазылған қосарланған шарфтар да бар. Бірақ көпшілік алматылық жанкүйерлер оларды алғысы келмейді. — «Әрине, «Қайрат» тұрғанда, «Реалдың» несі керек», — деді бір жас жігіт.
Команданың ресми дүкенінде үлкен кезек пайда болды.
Жанкүйерлер арасынан ерекше көзге түскен — Бауыржан есімді жан.
«Мен 1974 жылдың 10 маусымынан бастап футболға, соның ішінде «Қайратқа» жанкүйермін. Яғни, 50 жылдан астам уақыт бойы. Бұл тек «Қайрат» жанкүйерлері үшін емес, бүкіл Қазақстандағы футбол сүйер қауым үшін тарихи сәт деп ойлаймын. Ақыры біз «Реал Мадридтің» келетін күнін де көрдік», – деді ол.
Жасы үлкен әжелердің бірі шашу шашып жүр екен, бәлкім, бұл «Қайраттың» жеңісіне арналған ырым болар.
Артем есімді жанкүйер досымен бірге Өскеменнен келген. Олар алматылық командаға тек соңғы бір-екі айдан бері қолдау көрсетіп жүргенін жасырмады — себебі «Қайрат» сол уақытта «тамаша нәтижелер» көрсете бастаған.
«Біз тек «Қайратқа» жанкүйерміз. Бірақ, әрине, «Реалды» да көру қызық болмақ. Менің ойымша, «Қайрат» бар күшін салады. Әрі тең ойынға да мүмкіндік бар. Дегенмен, соңында шаршап қалады да, «Реал Мадрид» бір-екі гол соғады деп ойлаймын. Есеп 0:2 болады. Жеңісті қатты қалаймыз, бірақ деңгей айырмашылығы айқын секілді», – дейді жастар.
Стадион төңірегінде «Реалдың» қолдаушылары да жүр. Үш жігіт Испаниялық клубты қолдау үшін арнайы Египет пен Суданнан келген.
Көпшіліктің арасында «Қайратқа» жанкүйер болып жүрген Қытай азаматтары да байқалды.
Бүгін, 30 қыркүйекте қазақстандық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі өз алаңындағы алғашқы кездесуін өткізеді.