Мәжіліс 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдады


Мәжіліс депутаттары 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады. Құжат Бюджет кодексінің талаптарына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленген, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Құжатта келтірілген болжам бойынша, республикалық бюджеттің кірістері:

  • 2026 жылы – 19,2 трлн теңге,

  • 2027 жылы – 21,2 трлн теңге,

  • 2028 жылы – 23,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Шығындар мөлшері тиісінше 27,7 трлн, 28,7 трлн және 29,7 трлн теңгені құрайды. Ал Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт жыл сайын шамамен 2,8 триллион теңге деңгейінде сақталады.

Бюджет саясатының басты бағыты – мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық әрі уақтылы орындау, сондай-ақ ғылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамыту арқылы адами капиталдың сапасын арттыру болып қала береді.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар аймақтардың дамуына арналған бюджеттік шығындарды ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізген.

Аталған мақсаттарға үкімет резервінен қосымша 30 миллиард теңге, сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету есебінен 16,5 миллиард теңге бөлінетіні қарастырылған. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ жағалауды бекіту және басқа да инфрақұрылымдық жұмыстарға бағытталады.

Сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыру мақсатында заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу жөнінде түзетулер енгізілді.

Қаржы министрлігінің “Жаңа бастамаларға арналған шығыстар” бағдарламасы бойынша жоспарланған қаражат бюджет бағдарламалары әкімшілері арасында бөлінді. Бұл ресурстар отандық өндірісті қолдауға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ аграрлық секторды техникалық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.

Related posts

Зейнетақы қорындағы жинақ 20 триллион теңгеге жетті

editor

Эскишехир: Сиврихисар Ұлы (Үлкен) мешіті

ttjk

Мажарстан — Түркі мемлекеттері Сауда-өнеркәсіп палаталары одағының мүшесі

Назия Жоямергенқызы