Құлдыққа итермелеуі мүмкін: Бас прокуратура азаматтарды жалған жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырды


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарға интернеттегі жалған жұмыс ұсыныстарынан абай болуға кеңес берді. Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта алаяқтар “жұмысқа қабылдау” желеуімен азаматтарды алдап, адам саудасына тарту әрекеттерін жиілеткен.

Бас прокуратураның хабарлауынша, жұмыспен қамту саласында қылмыстық топтардың белсенділігі артып отыр. Интернет-алаяқтар танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде жоғары жалақы мен жеңіл талаптар көрсетілген жұмыс хабарландыруларын жариялайды.

Мұндай хабарландыруларға сеніп, байланыс орнатқан азаматтарға кейіннен жалған сайттарға сілтемелер, жеке деректерді жинайтын сауалнамалар немесе зиянды бағдарламалар орнатуға арналған мобильді қосымшаларұсынылады. Бұл бағдарламалар алаяқтарға азаматтардың банктік ақпаратын, хабарламаларын және құрылғысын басқару мүмкіндігін береді.

Сонымен қатар, шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі жалған ұсыныстар да жиі кездесіп отыр. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Таиланд, Мьянма және т.б.) “IT, модельдік бизнес, қонақүй ісі, call-орталықтар” саласындағы жұмыс түрімен шақырылып, азаматтар кейін еңбек немесе жыныстық құлдыққа, қанауға, зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Кей жағдайларда жәбірленушілерді алаяқтық схемаларда немесе заңсыз трансплантологияда пайдаланған оқиғалар да тіркелген.

Қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін прокуратура келесі сақтық шараларын ұсынады:

  • Құжат жібермес бұрын немесе қосымша орнатпас бұрын жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың мекенжайын тексеру;

  • Жұмысқа қабылдау, оқу немесе виза рәсімдеу үшін ақша аудармау;

  • Қосымшаларды тек ресми дүкендерден (Google Play, App Store) жүктеу;

  • Ресми келісімшартқа қол қоймағанша жеке құжаттардың көшірмесін немесе банк картасының деректерін бермеу;

  • Шетелдік жұмысқа тартумен айналысатын агенттіктің лицензиясы мен тіркеу деректерін тексеру, сондай-ақ жұмыс берушімен арадағы келісімшартты сұрату;

  • Күмән туындаған жағдайда полицияға дереу хабарласу.

Егер туысыңыз немесе досыңыз адам саудасының құрбаны болуы мүмкін деп күмәндансаңыз:

  • Бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді ұсыныңыз. Егер ол одан бас тартып, “мүмкін емес” деп қысқа жауап қайырса — бұл күмән тудырады.

  • Сұхбат кезінде мынадай сұрақтар қойыңыз:
    “Қайда тұрып жатырсың?”, “Қасыңда кім бар?”, “Қай елде немесе қаладасың?”, “Құжаттарың өзіңде ме?”, “Жалақы алып жүрсің бе?”, “Қайда ұйықтайсың, не жейсің?”

  • Әңгіме барысында қоршаған ортаға назар аударыңыз: бөлме, адамдар, жағдай, адамның дауыс ырғағы мен түр-әлпеті алаңдаушылық тудырса — бұл қауіпті белгі болуы мүмкін.

  • Мұндай жағдайда полицияға дереу хабарлау ұсынылады.

Бас прокуратура азаматтарды интернет пен әлеуметтік желілердегі “жоғары табысты жұмыс” ұсыныстарына сенбеуге, тексерілмеген ұйымдарға жеке деректерін бермеуге және күмән туындаған кез келген жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

Related posts

Келінін балағаттаған ене қамауға алынды

editor

Түрік асханасындағы өсімдіктер дәмді әрі пайдалы

ttjk

Стамбул примет глобальную конференцию SITE в 2024 году

ttjk