КРЕДИТСІЗ КҮН КӨРУ МҮМКІН БЕ?..

Қазір қарап отырсақ, халықтың ақшасын бағып, қалтасын қаққан алаяқтар көбейіп кетті. Неге? Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәріне қаржылық сауатсыздық кінәлі. Өйткені, сол ақшаны алаяқтардың алдына апарып беретін өзге емес, өзіміз емес пе?!

«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Әрине, жұрттың бәрі экономист бола алмайды. Десек те, ақшаны басқарудың қарапайым қадамдарын білген кім-кімге де артық етпесі анық. Ендеше, қаржылық сауатты қалай арттыруға болады? Алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек? Бүгінде банктен несие алмай өмір сүруге бола ма? Міне, бұл жолғы журналистік зерделеуде біз осы сауалдарға жауап іздедік..

Қарызды қарызбен жауып жүр…

Алдымен, жұрттың жағасын ұстатар статистикалық көрсеткішті келтіре кетсек, биыл қазақстандықтардың қарызы 21 триллион теңгеден асып тынған! Оның жартысын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрап отыр. Сонымен бірге, алған ақшасын банкке бере алмай жүрген жандар қатары да өскен. Бұл сома бүгінде 738 миллиард теңгеге жетіп жығылған. Мұндай жағдайға біз қалай жеттік? Бұл сұрақты біз Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаровқа қойдық.

– Жасыратын несі бар, соңғы кезде халық тарапынан тұтынушылық несие алу үрдісі белең алып кетті. Оның салмақты себептері де жоқ емес. Мәселен, жыл сайын жоғары оқу орындарына бөлінетін білім гранты азайып келеді. Сәйкесінше, ата-ана баласын оқыту үшін банкке барып кредит алады. Сонымен қатар, ипотекалық несиелер көрсеткіші де өсіп отыр. Азаматтар тұрғын үй алуға кредит алады, кейін одан құтылу үшін тағы қарызданады. Үшіншіден, автонесиенің үлесі де артпаса, азайып жатқан жоқ. Өйтпегенде ше? Такси қызметінің құны күн санап шарықтап барады емес пе? — дейді ол.

Иә, бүгінде кредитін кредитпен жауып жүрген жандарға «әй» дейтін үкімет, «қой» дейтін банк жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, ертең күнделікті нан-суымызды да кредитке алып жүрмесімізге кім кепіл?! Қалай болғанда да, кеш болмай тұрғанда халықтың қаржылық сауатын арттыруды мемлекет болып қолға алу қажет-ақ.

Банктер бұғаттаудан басқаны білмейді

Естеріңізде болса, елімізде халық саны 20 миллионға жеткен кезде бөркімізді аспанға атып қуанған едік. Ал, соның тек жартысы ғана экономикалық белсенді болып саналатынын білесіз бе? Яғни, бұл 10 млн қазақстандық қана ресми жұмыс жасайды деген сөз. Оның ішінде, 8 млн халықтың мойнында кредит бар және соның сегізден бірі төлеу мерзімін 90 күннен асырып алған. Ендеше, сол қарыздан құтыла алмай жүрген жандардың бүгінде банк есепшоттары бұғатталып отыр. Енді олар не жалақы, не кредит ала алмайды. Мамандар мұндай тыйымды сот қаулысы негізінде тек сот орындаушы ғана қоя алатынын айтады. Қазір осындай жағдайға душар болғандар «Қарызсыз қоғам» жобасының кеңсесіне келіп бес күндік оқытудан өту арқылы тегін заңгер көмегін алып жүр. Бұл туралы бізге аталған жобаның Атыраудағы менторы Ақан Қайырғалиев айтып берді.

– Банктен қарыз алған соң, оны қалайда еселеп қайтару қажет болады. Себебі, банк те кәсіпкердің бірі ғой, ол да табыс табуды ойлайды. Міне, азаматтарымыз осы жағын ескермей жатады. Біреулер тіпті жалақыны қолма-қол алсақ мәселе шешіледі деп ойлайды. Осылайша, өздерінің зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорларына қазірден қол сұғып жатыр. Ал, қарыз қайтарылмай шот ашылмайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Керек десеңіз, қазір жұмыс берушілер азаматтардың банктегі есепшоттары бұғатталмағаны жөнінде анықтама сұрайтын болды. Мұның бәрі тектен-тек емес.

Тағы бір мәселе, адамдар кредит аларда болашақта оны қалай төлейтіндігіне бас ауыртпайды. Мәселен, Теңіз, Қарабатан секілді ірі кен орындарында ауысыммен жұмыс жасап жүргендер ағымдағы жалақы есебінен миллиондап несие рәсімдеп, кейін қысқартуға ұшырады. Енді қарыздан құтыла алмай жүр. Дәл осылай алдағы уақытта қиындыққа тап бола қалған жағдайда кредитті төлей алу мүмкіндігін ойлау керек. Сондықтан маман ретінде айтар ақылым, несие алғанда ай сайынғы төлем мөлшерін жалақының 20 пайызынан асырмаған дұрыс. Кейін сын сәтте өзіңізге жеңіл болады, — дейді ол.

Былтыр «Amanat» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының тек борышкерлерге ғана емес, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыруға да көмегі көп екен. Жоба Алматы, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде енгізіліпті. Нәтижесінде, 65 мыңға жуық адам арнайы курстан өтіп, сауат ашқан. Ал, биыл еліміздің барлық аймағы мен үш респуликалық маңызы бар қаласында жалғасын табуда.

«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!»

«Фемида-көмек» қаржылық сауықтыру көмек орталығының басшысы Ләззат Қарамұратованың айтуынша, халық кредитсіз күн көре алмайтын жағдайға жетіп отыр. Айтуынша, қазір қарыздан құтыла алмай жүргендерге жылдам ақша беретін көлеңкелі бизнестің де дәурені қызып тұр.

– Жалпы, борышкердің ісі сот орындаушыға жеткенде жалақының жартысын банк алып отырады. Ондай адамдар бізге келіп көмек сұрап жатады. Біз өз тарапымыздан банкке арыз жазып, үш күн ішінде бұғатталған шотты ашып береміз. Кейін банктен кредит төлеу кестесін қайта жасап беруді сұраймыз. Әйтпесе, алты айдан соң қарыз төленбесе, шот қайта жабылады. Бүгінде азаматтар «Қарызсыз қоғам» жобасына жүгініп, қарыздан құтылудың жолдарын үйренуде. Бір қызығы, азаматтардың көбі жаңғырығы жер жарған жарнамаларға оп-оңай сеніп қалады. Ал, табыс табуды ғана білетін банктер көп нәрсені жарнамада жасырып қалады, — дейді ол.

Қарыз адамды тек материалдық жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан да күйзеліске түсіреді. Мұны психолог мамандар да айтудан кенде емес. Солардың бірі Ғалия Тоқтаровадан көмек сұрап келетіндердің 80 пайызы – кредиттен жапа шеккендер екен.

– Жұрт кредит алуға жауапкершілікпен қарамайды. Оны алудың нақты қандай қажеттілігі бар екенін зерделемейді. Тұрмыстық техника алса да, қонақ шақырса да  банкке қарай жүгіреді. Артынша бармақ шайнап қалады. Ал, несие тек тұрақты жұмысы бар жанға ғана пайдалы болуы мүмкін. Онда да, әр нәрсенің мөлшерін білу керек қой. Халық арасында «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Міне, ата-бабамыз айтып кеткен осы бір өсиеттің өзі бүгінгі қоғамға қаратылып айтылғандай.

Көптеген адамдар кредит алғанымен, күнделікті кірісі мен шығысын есптемейді. Оны күнделік секілді дәптерге жазып жүрсе де артық етпейді. Сонда қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық көріп тұрар едіңіз. Бұған да ерінетін болсаңыз, орныңызға есеп жүргізетін түрлі қосымшалар да жетіп жатыр. Мәселен, ер адамдар қарапайым темекіге кететін ақшаның өзін санап жатпайды. Оған бір айда 30 мың теңгеден артық болмаса, кем кетпейді. Ал, егер қаражатыңыз қалтаға сыймай бара жатса, білім алу мен бизнес бастауға инвестиция ретінде құйыңыз. Болмаса, депозит ашыңыз, сонда ақшаңыз айналымға түсіп, тегін табыс түсіп отырады ғой, — дейді психолог маман.

Үнемдеген үйдей бәледен құтылады

Осы орайда, қаржылық кеңесші Сандуғаш Құсайынова ең алдымен қолда бар қаражатты жинап үйрену қажеттігін айтады. Себебі, ақша санағанды жақсы көреді. Бүгінде қаржы  үнемдеудің жалғыз ғана жолы бар, бұл – жинақтау.

– Банктен кредит алғанша, оны ерте кезден жинаған анағұрлым тиімді. Мен мұны көп жылғы тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Ал, қаржыны жинаудың бір жолы – сақтандыру. Яғни, кез келген адам өз өмірін келеңсіз жайттардан сақтандыра отырып, экономикалық жағдайын жақсартып алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, бүгінге дейін ел азаматтары бұл үрдіске немқұрайлы қарап келгені жасырын емес. Өйткені, біз дамушы мемлекетпіз. Сондықтан, дамыған елдерден үйренеріміз көп. Соның бірі – сақтандыру мәдениеті. Бұрынғыдай емес, қазір бұл салаға ақша құйып жатқан қазақстандықтар қатары көбейіп келеді. Бұл олардың қаржылық аз да болса артып жатқандығын көрсетеді, — дейді ол.

Бұл ретте, сақтандыру компанияларына қаржысын құйып алып, қайтара алмай жүргендер де жоқ емес. Яғни, оларды таңдау барысында қауіпсіздік мәселесіне қатты мән берген жөн. Келісімшарт талаптарымен мұқият танысып алған абзал. Мамандар көбінесе жекелей емес, мемлекетпен бірлесіп жұмыс жасайтын ұйымдарға сенім артқан дұрыс деп санайды.

– Еліміздің әр азаматы ерікті түрде өз өмірін және отбасын қаржылай сақтандыруға құқылы және сол арқылы алдағы күндерге қаражат жинай алады. Президенттің өзі отандастарымызды қарызсыз қоғам құруға шақырып отыр. Себебі, қарыздың қамытынан құтыла алмай жүргендер қоянша көбейіп жатыр. Бұл жақсы үрдіс емес. Мұның тамырына бүгіннен балта шаппаса, болмайды.

Мен өзім халыққа тиімді сақтандыру қоры ретінде бір ғасырлық тарихы бар «Халық банкінің» серіктесі болып табылатын «Halyk-Life» акционерлік қоғамын ұсынар едім. Ол былтыр 51 пайыз таза табыс түсіріп, тоғыз мекеменің ішінен көш бастады. Сондай-ақ, жиырма жылдан бері қазақстандықтардың қаржылық жағдайын жақсартып, экономикалық сауаттылығын арттыруға да үлкен үлес қосып келеді. Ұлттық банктің қойып отырған талабы бойынша кез келген ақша жинақтаушы ұйым өзін қайта сақтандыруы қажет. Өз кезегінде «Halyk-Life» мекемесі Германияда осындай талаптан өткен. Міне, халықтың зор сеніміне ие болып отырғаны да сондықтан, — дейді сала маманы Сандуғаш Қуанышқалиқызы.

Сақтандыру салтқа айналса…

Айтпақшы, бұл үрдіске банк мамандары да оң пікір білдіруде. Солардың бірі – Атырау облысындағы екінші деңгейлі банктердің бірінде менеджер болып еңбек ететін Айгерім Нұрымова. Оның ойынша, өмірді сақтандыру мәдениеті бүгінде халықты ақшаны үнемдеу мен жинақтауға үйретуде.

– Бір қарағанда, сақтандыру компаниялары мен банктер бір-бірімен бәсекелес ұйымдар болып табылады. Бірақ, айналып келгенде, екеуі де халық қаржысын жинап және аз да болса арттырып отырған орын. Сондықтан, мақсаты мен мүддесі де бар. Дегенмен, мен банк қызметкері бола тұра, азаматтарға депозиттен гөрі сақтандыру полисін ашуға кеңес берер едім. Өйткені, банктерде салымшылардың ақшасы тек 10 миллион теңгеге дейін қорғалады. Яғни, банк банкрот деп танылған жағдайда, сол сомадан артық қайтарылмайды деген сөз. Ал, сақтандыру қоры қанша қаржы құйылса, соның бәріне 100 пайыз кепілдік береді. Екіншіден, банкте несие өтелмеген жағдайда адамның жеке шоттары бұғатталады. Ал, сақтандыру қорында ондай атымен жоқ. Ондағы қаржы тіпті сот шешімімен тәркіленуге де жатпайды, — дейді ол бізбен әңгімесінде.

Ал, тәуелсіз сарапшы Ғазиз Әбішев ақшаны банкте де, сақтандыру қорында да сақтаған артық етпейтінін айтады. Айтуынша, екеуінің де пайдасы болмаса, зияны жоқ.

«Ай сайын түсіп отырған табысыңыздың бір бөлігін банктен депозит ашып, сонда сақтаңыз. Егер алдағы бес жыл ішінде қаржылай қиындыққа тап бола қалсаңыз, кез келген соманы банк шотынан шешіп аласыз. Ал, жалақыңыздың енді бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударыңыз. Ол сіздің болашаңызға жұмыс жасайтын болады. Оны, тіпті, мемлекетке декларация тапсырған сәтте де көрсетпеуге құқығыңыз бар» дейді ол.

Борышкерден салымшы болған артық

Иә, «айлығым шайлығыма жетпейді» деп үкіметке алақан жайып отыратын заман емес. «Талаптыға нұр жауар» демекші, талпынған жанға жайлы жұмыс та, жоғары жалақы да бар. Тек алға қарай ұмтылып, жақсылықтан үміт үзбеу керек. Қарапайым зейнетақы жүйесін алайық. Қазір зейнеткерлер мемлекет есебінен зейнетақы алып отыр. Ал, алдағы уақытта 1980 жылдан бастап туған азаматтар зейнетақыны өздері жинаған сомадан ғана алатын болады. Осының өзі қаражат жинау мен сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып отыр емес пе?! Ендеше, оның шарттары мен талаптары қандай? Біз мұны экономика ғылымдарының кандидаты Әлішер Сағатұлынан сұрастырып көрген едік.

– Кез келген азды-кем табысы бар азамат ай, тоқсан немесе жыл сайын 10 мың теңгеден бастап сақтандыру мекемесіне қаражат құя алады. Ең басты талап – салымшының жасы 65-тен аспауы тиіс және онкология секілді ауыр дертке шалдықпаған болуы керек. Ал, шот ашқаннан кейін ауырып қалған жағдайда, оның ем-домын осы мекеме төлеуге міндетті. Сондай-ақ, салымшы жарақат алып, бірінші немесе екінші топ мүгедегі атанса, қаражат құюды қор өз міндетіне алады.

Құдай сақтасын, бірақ, салымшы айталық, 15 жылда 10 млн теңге жинаймын деп шарт жасасып, бірақ, сол уақытқа жетпей өмірден өтіп кетті делік. Мұндай жағдайда компания марқұмның мұрагеріне немесе туыстарына толық соманы төлеуге міндеттеледі. Кейде салымшылар салған ақшасын аяқ астынан алғысы келуі мүмкін. Бұл ретте, ай сайынғы төлем мөлшерін 10 мың, ал, жыл сайынғысын 120 мың теңгеге дейін азайтуға болады, — дейді ол.

 «Bilim-Life» – жаңа жоба

Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, биыл Президент тапсырмасымен «Келешек» бағдарламасы аясында банктер мен сақтандыру қорларына «Bilim-Life» платформасын енгізу міндеттелген болатын. Бұл туралы бізге Ұлттық банк маманы Айгүл Маратқызы айтып берді.

«Бүгінде еліміз озық елдер қатарынан қалмас үшін біртіндеп білім беру гранттарын азайтып, болашақша ақылы форматқа көшуге бет бұруда.  Бұл ретте, Ұлттық қордан әр балаға 100 доллардан аударылып отыр. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап туылған балаларға құйылатын 60 немесе 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағы бір қаржы бар. Оны алу үшін ата-ана баласы дүниеге келген күннен бастап «Bilim-Life» бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін айына 10 мың теңгеден бастап 15 жылға дейін сақтандыру қорына ақша салуы қажет. Оған мемлекеттен 5-7 пайыз және қордан 8 пайыз үстемеақы төленіп отырады. Егер бала жасы жетіп, жоғары оқу орнына түсерде мемлекеттік грантқа ие бола алмаған жағдайда, ата-ана жинаған сомадан оқу ақысын төлеп отырады. Ал, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, ата-ананың бірі өмірден өткен жағдайда қор барлық міндетті өз мойнына алады» дейді ол.

Қалай десек те, «қыстың қамын жаз ойла» деп халық бекер айтпаған ғой. Жалпы, ата-ана баласының болашақтағы оқуына немесе үйлену тойына қажетті қаржыны қазірден жинағаны жақсы. Осылайша, ол өз отбасын алдын ала қарыздан сақтандырады.  Сірә, ақшаны сауатты басқару деген осы шығар. Қалай болғанда да, мемлекет «Қарызсыз қоғам» құруға қадам басты. Енді тек халықтың қызу қолдауы қажет.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

…Иә, екі жасты екі жаққа айырған да, жазықсыз баланы тірілей жетім еткен де, тепсе темір үзер азаматтарды суицидке жеткізген де, жастың да, жасамыстың да жасын көл қылған да – осы кредит емес пе?! О баста екінші деңгейлі банктер азаматтардың мүмкіндігін ескермей бәріне бірдей несие берді. Осылайша, халық қарызға белшеден батты. Енді соның салдарымен күресіп жатырмыз. Ендеше, қарыз қамытынан құтылар күн тезірек тусын деп тілегеннен басқа амал жоқ!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related posts

Количество проверенных и сертифицированных объектов размещения в Турции превышает 6000

Назия Жоямергенқызы

Журналистер мерекесіне орай: Антальяда ортақ жобалар бойынша ынтымақтастық жасалды

ttjk

АРАЛ АУДАНЫНДА ТЕҢІЗДЕН МАРЖАН СҮЗГЕН БАЛЫҚШЫЛАР ҚАУЫМЫНЫҢ VІІ СЛЕТІ ӨТТІ

Назия Жоямергенқызы