ӘЙЕЛ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫ журналистер бас қосты

Қазақстандағы Әйел журналистер клубының мүшелері Алматыда бас қосып, журналистика саласына қатысты маңызды мәселелерді талқыға салды.

әйел журналистер

Бүгінде бүкіл әлем бойынша журналистика саласында жүрген қыз-келіншектердің саны ерлерге қарағанда анағұрлым басым. Кәсіби тұрғыдан алғанда, әйелдердің жұмыс барысындағы түйткілдері мен «әттеген-айлары» да еркек әріптестерге қарағанда басқаша. Осы аптада Алматы қаласында бас қосқан Әйел журналистер клубының мүшелері журналистика саласындағы өзекті мәселелерді талқыға салып, болашақ жоба мен жоспарлар туралы ақылдасты.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, Қор жанынан құрылған клуб. Оған Қазақстандағы барлық қыз-келіншек мүшелікке өтуге қақылы. Тек Клубқа мүшелікке өту туралы өтініш жазу керек. Клубтың басты мақсаты — кәсіби шеберлікті шыңдауға үлес қосу, журналистика саласындағы проблемаларды анықтап, оларды шешудің жолдарын қарастыру, түркі елдеріндегі әйел журналистермен ынтымақтастық орнатып, ортақ шаралар ұйымдастыру т.б.

Кешегі кездесуде жиылған журналистер БАҚ саласына қатысты бірқатар проблеманы ортаға салды. Мәселен, радиожурналист Жанар Оразымбеттің айтуынша, бүгінгі таңда радио саласына бейімделетін мамандардың әлсіздігі салдарынан, радиоарналарда жұмыс істейтін актер, актрисалар саны басым: «Өкінішке қарай, олардың журналистика саласында білімі мен білігі жоқ болғандықтан, эфирде өздерін жасанды ұстайды. Тек бір артықшылығы — дауыстары жақсы қойылған. Ал журналистерді маман ретінде дайындауда бұл мәселеге назар аударылмайды».

Бүгінде телеарналардағы түрлі бағдарламалардың сапасы сын көтермейтіні ешкімге жасырын емес. Оның себебі, бағдаламаларды көбінесе аутсорсинг компаниялар дайындайды. Осы орайда, өз пікірін айтқан тележурналист Айгүл Мыңжасар: «Аусорсинг компанияларға сценарийді кімдер жазады? Көбінесе, басқа жерде тұрақты жұмысы бар журналистер. Олар алдымен өз шаруларын орындайды, сценарийге сосын барып кіріседі. Атүсті жазылатын дүниелер осындайдан пайда болады», — дейді.

Еліміздегі сайттардың сапасы да оңып тұрған жоқ. Рейтинг қуатын сайттар қазақы құндылықтар мен адамгершілікке жат дүниелерге, арандатушылық пен өсек-аяңға әуес. Оларда жұмыс істейтіндердің көпшілігі журналист емес немесе кәсіби білігі төмендер. Осы мәселені қаузаған «Алауинформ» сайтының Бас редакторы Айнұр Төлеу сайттарда жазылатын мәтіннің көлемі мен сапасы сын көтермейтінін айтты.

Ал тележурналист Сағыныш Назардың пікірінше, қазір телеарналарда қызылсөзге әуес әріптестер көп. ВВС, CNN сияқты әлемдік деңгейдегі телеарналарда қолданылатын қысқа әрі нұсқа ақпаратты жедел тарату тәсілі қолданылмайды. Бұл отандық журналистиканың дамуына кедергі.

Әйел журналистер клубының алғашқы отырысында бас қосқан әріптестер алдағы уақытта журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын шараларды тұрақты да жүйелі түрде өткізіп тұруға келісті. Әсіресе, заманауи ақпараттық технологияларды журналистика саласында тиімді пайдалану мәселесіне көбірек көңіл бөлінбек.

Сонымен қатар Клуб мүшелері алдағы күзде Түркияда өтетін Түркі әлемі әйел журналистер медиа форумы мен Әзірбайжандағы Әйел журналистер медиа форумына дайындық мәселелері, түркі елдеріндегі қыз-келіншек журналистермен кәсіби бірлік орнату жайды кеңесті. Осы орайда, алдағы уақытта бірқатар шара қолға алынбақ.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Related posts

HALYK BANK ЕЛІМІЗДЕ ІТ МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАЙДЫ

ttjk

Республикалық «Жас журналистер байқауы»-2019 жеңімпаздары анықталды

Назия Жоямергенқызы

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІ

ttjk