Елордада этносаралық қатынастарды реттеуге арналған семинар-тренинг басталды. Қазіргі кезде елімізде 2 мыңға жуық қоғамдық, 100-ден астам кәсіби медиатор бар. Алайда олар негізінен отбасылық, тұрмыстық дау-жанжал кезінде жұмыс жүргізеді. Сондықтан этникалық келіспеушілік кезінде екі тарапты ымыраға келтіре алатын медиативтік технологияны терең меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Семинардың негізгі мақсаты да медиацияның дәл осы бағытын кеңінен түсіндіру болды.
Шараға құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар 2 күн бойы этномедиацияның өзекті мәселелері мен әлеуметтік шиеленісті болдырмау жолдарын үйренеді.
Семинарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің жобаларды іске асыру жөніндегі басқармасының бас сарапшысы Талшын Италиева ашып берді. Әрі қарай жиын барысында кәсіби медиаторлар этносаралық шиеленістердің алдын алу жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Әрі қатысушылар белгілі кейстермен жұмыс істеп, тәжірибе алмасты.
Кәсіби медиатор Сымбат Шакировтың айтуынша, этномедиацияда мәдени ерекшеліктеріне, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпына аса назар аударылады.
Ал «Халықаралық медиация бюросы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Күлпаш Шалбулованың айтуынша, бүгінде медиация аталатын қызмет, ертеректе қазақ халқында «бітімгер» атымен белгілі болған.
Айта кету керек, 2 күнге жалғасатын семинарда этномедиацияның кіріспесінен бастап, халықаралық тәжірибе де қаралады. Жалпы 10 сағатқа жоспарланған дәріске 50-ге жуық маман қатысуда.