Елімізде 1 қаңтардан бастап төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өсті.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан мәлім еткендей, 2025 жылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге өсті. Осыған байланысты мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да көбейді.
Сонымен төлқұжат жасату құны:
– 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
– Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.
– 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ Қазақстан азаматтары үшін қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек алуына да болады.
Жеке куәлік жасату құны:
Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Бірақ жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлейтін болады.
Жеделдетіп әзірлеу мүмкіндігі
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары үшін: 1 жұмыс күнінде әзірлеп беру — 3 372 теңге, 3 жұмыс күнінде дайындап беру үшін — 1 771 теңге төлеу керек.
Облыс орталықтары үшін: 3 жұмыс күні — 3 372 теңге. 5 жұмыс күні — 1 771 теңге.
Аудандар мен облыс қалалары үшін: 7 жұмыс күні — 605,31 теңге.
Айта кетейік, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға сай, биыл 1 айлық есептік көрсеткіш (АЭК) 3932 теңге болып бекітілді. Былтыр бір АЭК 3692 теңге болған.