Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2025 жылғы WTA қорытынды турнирін сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Байрақты жарыс Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтуде. Турнирге жыл қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 8 үздік теннисші қатысып жатыр.
Әлемдік рейтингтің алтыншы сатысында тұрған Рыбакина бірінші айналымда Серена Уильямс тобы аясында әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Аманды Анисимовамен кездесті. Ол соңғы Уимблдон мен US Open турнирлерінің финалисі болып табылады.
Кездесу бар болғаны екі сетке созылып, қазақстандық спортшының сенімді жеңісімен аяқталды — 6:3, 6:1. Ойын 57 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 5 эйс соғып, небәрі 1 қос қателік жіберді және 4 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Сондай-ақ ол өзінің бірде-бір беру геймін жоғалтқан жоқ.
Сол топтың тағы бір ойынында поляк теннисшісі Ига Швёнтек америкалық Мэдисон Кизді 6:1, 6:2 есебімен жеңді. Рыбакина алдағы матчтарда осы екі қарсыласпен де кездеседі.
Қорытынды кезеңнің ережесіне сәйкес, әр топтан екі үздік спортшы жартылай финалға жолдама алады. Айта кетейік, Елена Рыбакина бұған дейінгі екі маусымда да WTA қорытынды турниріне қатысқанымен, әзірге плей-офф кезеңіне шықпаған болатын.
Фото: Frey/TPN/Getty Images
