Фильмдер мен мультфильмдегі кейіпкерлерді ана тілімізде сөйлететін, олардың мінез-құлқы мен эмоцияларын көрерменге дәл жеткізушілердің жұмысы қызық әлі қауырт. Бірақ соның арқасында кішкентай көрермендерден бастап үлкендердің жүрегін баурайтын, қиял әлеміне жетелейтін кейіпкер қазақ тілінде сөйлейді. Орайы келгенде дубляж актері Бахытжан Жармұхамбеттен осы мамандықтың қыр-сыры туралы сұрап-білдік.
— Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Дубляж саласына келу себебін қысқаша айтып өтсеңіз.
— Дубляж саласына сәл кештеу келдім. Себебі «Қазақ» радиосында біраз жыл жұмыс істедім. Дубляждыққа мен 2011 жылы келдім. Бірге оқыған группаласым Қайрат Әділкерей деген азамат қазір баршаларыңызға кеңінен танымал әзілқой, актер жігіт алып келді. Кейіпкерлердің дауысын салу сондай қызық болды.Сол жылдан бастап осы дубляж саласында жұмыс жасаймын. Енді бұл салаға қызығушылығымыз бала күннен оянды. Баяғы Атагелді Исмаилов, Алтынбек Кенжеков, Омархан Қалмырзаев, Мұхтар Бақтыгереев есімді атағынан ат үркетін, аталарымыздың жолына қызығушылықпен келдім.
— Дубляжда жұмыс істеген қиын ба?
— Ең алдымен әртүрлі тілдік айырмашылықтардан туындайтын қиындықтар бар. Мысалы, кейіпкердің ауыз қимылдарына сәйкес келетін сөздерді табу үшін аударма мәтінді бейімдеу қажет. Бұл кейде өте күрделі. Себебі сөздерді сәйкестендіре отырып көрерменге табиғи және шынайы естілетіндей ету керек. Кейіпкердің эмоциясын дәл жеткізу де қиындық туғызады. Мәтіннен тыс сезімдерді, көңіл-күйді,мінезді дауыс арқылы беру керек. Ал бұл үлкен шеберлікті қажет етеді. Көрермен шынайы кейіпкерді естіп тұрғандай әсерде қалуы үшін дауыспен ғана барлық эмоцияны жеткізу қиын. Сонымен қатар уақыт пен интонацияны дұрыс ұстап тұруға да көп күш жұмсалады. Кейіпкердің сөйлейтін уақытын, кідірістерді дәл сезініп, нақты уақытқа сәйкес келтіру маңызды. Өйткені уақыттан сәл ауытқу көрерменге ыңғайсыз әсер қалдырады. Жалпы алғанда дубляж процесі өте ұқыптылықты, шыдамдылықты және актерлік шеберлікті талап етеді.
— Дауыспен кейіпкердің сезімін қалай жеткізесіз?
— Дубляж — актер адамы. Бірден кейіпкерді көрген кезде оның характерін, оның аяқ алысын дауыстық техникаларын бірден сезеді. Ең бастысы мінезін сезінуі ғой. Бұл жерде кейіпкердің мінезі қандай, осы рөлінде ол не айтқысы келді, соның терісіне ену ғой ойнап жатқан актердің өзі болып сөйлеу керек деп ойлаймын.
— Дубляж жасауда актерлік өнердің рөлі қаншалықты маңызды?
— Дубляж жасауда актерлік өнердің рөлі өте маңызды. Себебі дубляж — бұл жай мәтінді оқу емес, кейіпкердің толық бейнесін жасау. Актерлік өнер кейіпкердің сезімдерін, көңіл-күйін және жан дүниесін дауыс арқылы жеткізуге көмектеседі. Актерлік шеберлік болмаса кейіпкердің эмоцияларын шынайы түрде беру мүмкін емес. Себебі әрбір интонация, дауыс ырғағы және кідіріс маңызды. Көрермен тек дыбыс арқылы кейіпкердің қайғылы, бақытты, қорқынышты немесе ашулы екенін түсінуі керек. Бұл үшін дубляж актері тек даусын өзгертіп қана қоймай, шынайы актерлік шеберлігін көрсетеді. Яғни ол өзі сол кейіпкерге айналады.Сонымен қатар, кейіпкердің ауыз қимылдарына сәйкес келетін сөздерді айта отырып эмоцияны жеткізу қажет. Бұл өз алдына үлкен актерлік шеберлікті талап етеді. Актердің ішкі сезімталдығы, интонацияны дәл сезіне білу — қабілеті мен эмоцияны шебер жеткізуі дубляждың сапасын айқындайды.
— Дубляж жасағанда ең есте қаларлық рөліңіз қандай болды?
— Енді дубляж саласындағы өз есімде қалған кейіпкері — түрік телехикаясы. Ол өте үлкен ауқымды жоба.Сол жерде Абдул Хамитханның күйеу баласы Махмұд пашаны дыбыстағанмын. Өте бір айлакер, озбыр сондай қуаяқ адам. Соның рөлін дыбыстағам, сол рөлім менің есімде қалды. Себебі бір жарқын бейне болды. Мультфильм және анимация саласында, Күлтегінді де, Шойын қараны да дыбыстағанмын. Сондай-ақ голивудық батырларды дыбыстағанбыз. Оның қайсыбірі есте қалар, енді 2011 жылдан бірталай дүниені дыбыстадық қой.
— Жұмыс барысында ерекше дауыстық техника қолданасыз ба?
— Әрине, Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы өнер академиясында «сахна тілі» деген сабақ бар. Сол жерде қойып берген дауысымызбенен әлі күнге дейін несібемізді теріп келе жатқан жағдайымыз бар. Жұмыс барысын бастамай тұрып cол жердегі жаттығуларды анда — санда қайталаймыз. Дауыс техникасы бұл жерде төменгі орташа және жоғарғы регистер деген болады.Кино мен серияларда бірнеше кейіпкердің даусын салуың керек, кем дегенде үш кейіпкерге дайындалып келу қажет.
— Дыбыстау мен дубляждың айырмашылығы неде?
— Олардың айырмашылығы күрделілік деңгейінде және қойылатын талаптарда. Дыбыстау кезінде тек мәтінді оқып шығу керек. Бұл көбінесе қосымша түсініктеме беру үшін жасалады және кейіпкердің аузының қимылдарына сәйкес келуі міндетті емес. Мысалы, фильмді түсіндірмелі дыбыстауда сөздерді дұрыс жеткізу жеткілікті. Ал дубляжда міндетті түрде кейіпкердің сезімдерін, интонациясын дәл беру керек. Сонымен қатар мәтін кейіпкердің аузының қимылдарына сәйкес келуі маңызды. Дубляж — бұл актерлік шеберліктің бір түрі, мұнда толықтай сол кейіпкерге еніп, оның эмоциясын, мәнерін сезіне білу қажет.
— Дубляж саласында жұмыс істеу үшін қандай дағдылар қажет деп ойлайсыз?
— Ең алдымен, бұл — актерлік шеберлік. Дубляж — жай ғана мәтінді оқып шығу емес, кейіпкердің сезімін, мінезін дауыспен дәл жеткізу. Сондықтан әрбір дубляж актері көрерменнің жүрегіне жететін эмоцияны шынайы түрде жеткізе білуі керек. Дауысты икемдеп, әртүрлі интонация мен тембрді қолдана білген жөн.һ. Кейде дубляж актері бір фильмде немесе мультфильмде бірнеше кейіпкерді дыбыстай алады. Сондықтан әрқайсысына сай ерекше дауыс шығару шеберлігі маңызды. Таймингті сезіну және кейіпкердің ауыз қимылдарына дәл келтіре білу қабілеті қажет. Бұл ең қиын тұстарының бірі. Себебі тек мәтінді оқығаннан гөрі оны нақты уақытқа сай айтып, кейіпкердің аузына тура келтіруді талап етеді. Сонымен қатар, тіл байлығы, дикция, анық әрі түсінікті сөйлеу де өте маңызды. Дубляждағы әрбір сөз көрерменге анық естілуі керек. Сондықтан артикуляцияны дұрыс қою, дауысты үнемі жаттықтырып отыру қажет.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы дубляж саласының деңгейі қандай?
— Қазақстандағы дыбыстау саласы жыл өткен сайын дамып келеді. Соңғы жылдары дубляж сапасы айтарлықтай жақсарып, халықаралық деңгейге ұмтылып жатыр. Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін қазақ тіліндегі дубляждарды жасауға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе ірі киностудиялардың танымал фильмдерін қазақшаға дубляждау бағытында. Disney, Marvel, Pixar секілді студиялардың фильмдері қазақ тіліне аударылып, дубляждалады. Бұл дубляж актерлеріне де, студияларға да үлкен тәжірибе мен жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі дубляжға сұраныс артып, жас актерлер де осы салаға қызығушылық танытуда. Әрине, әлі де үйренеріміз бар. Мысалы,техника жағынан, сапалы дыбыстық студиялар мен білікті мамандардың жетіспеушілігі сезіледі. Дегенмен қазіргі даму қарқынын ескерсек, жақын болашақта Қазақстан дубляж саласында жоғары деңгейге көтеріледі деп сенемін.
Сұхбаттасқан:
Темірхан Мирас
Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚҰӨ Академиясы Компьютерлік технология кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті