Әдебиет саласының тағы бір майталманы мәңгілік мекенге аттанды

Бүгін отандық ғылым мен әдебиеттану саласында өшпес із қалдырған ғалым, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы пәни дүниеден өтті. Бұл туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды.

Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін 1953 жылы бітіріп, аспирантураны 1964 жылы тәмамдады. Осы жылдарда ғалым педагогикалық және ғылыми қызметтерді атқарып, түрлі жауапты лауазымдарды атқарған. Атап айтсақ, 1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды. Ал 1969–1975 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында доцент болып қызмет етті. 1975–1991 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында абайтану бөлімінің меңгерушісі болса, 1991–2000 жылдарыҚожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығын басқарған. 2000 жылдан бастап Тараз мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі және “Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған болатын.

Ғалым қазақ әдебиеттануында абайтану, мұхтартану, бауыржантану және ясауитанудың негізін қалыптастыруға ерекше үлес қосты. Оның зерттеулері Абай шығармашылығының шығыс мәдениетімен байланысын, ақынның рухани мұраларының философиялық негіздерін терең талдады. Ол Абайдың «толық адам ілімі», үш сүю, жәуанмәртлік сынды идеяларын жаңа қырынан қарастырып, ғылыми жүйелілікке түсірді. Сондай-ақ ол патшалық Ресейдің отарлық саясатына қатысты еңбектер жазып, қазақ халқының тарихи және мәдени болмысын зерттеуде зор үлес қосты. Оның «Қазақ қалай орыстандырылды» атты еңбегі қоғамдық ой-санаға әсер еткен маңызды зерттеулердің бірі болды десек артық емес.

Ғалымның 30-дан астам ғылыми кандидаттар дайындап, қазақ әдебиеті саласында мамандар даярлауда тер төккені де бар. Ол «Абай» энциклопедиясын, М.Әуезовтің 20 томдық және 50 томдық шығармалар жинағын дайындауға белсене қатысқан.

Related posts

Афьонкарахисар: Ұлы мешіт

ttjk

Самый главный праздник тюркского мира НАЧАЛСЯ ФЕСТИВАЛЬ КУЛЬТУРЫ И ИСКУССТВА ДЕДЕ КОРКУТ

ttjk

Журналистер мерекесіне орай: Антальяда ортақ жобалар бойынша ынтымақтастық жасалды

ttjk