Қазақстанда «Киберқадағалау» мониторинг платформасының жұмысы нәтижесінде балаларға зиян келтіретін немесе заң талаптарына қайшы ақпарат орналастырған 38 мыңнан аса интернет-ресурс анықталып, қолжетімсіз етілді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, қазіргі кезде балалардың цифрлық кеңістікте белсенді болуы, олардың онлайн ортаны еркін пайдалану мүмкіндігі мамандар мен ата-аналардан жаңа білім мен қосымша жауапкершілік талап етеді. Онлайн қауіпсіздіктің бірінші әрі негізгі тірегі – отбасының қадағалауы.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-аналардың бақылау деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Бала қандай сайттарды ашып, кімдермен интернет арқылы байланысып жүргенін қадағалау өте маңызды. Сонымен қатар құрылғыларда ата-аналық бақылау функцияларын қосып қойған жөн. Бұл қауіп төндіретін контентті дер кезінде анықтауға және баланы қорғайуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетігі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң аясында іске асырылады. Бұл құжат мемлекеттік органдардың құзыретін анықтап, қауіпті материалдарды анықтау, мониторинг жасау және бұғаттау механизмдерін реттейді.
2022 жылы заңға «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары енгізілді, ал 2024 жылдан бастап мұндай әрекеттерге әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Биылғы 10 айдың нәтижесінде 339 әкімшілік іс қозғалып, оның 198-і буллинг фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған.
Фото: Nur.kz
