Бүгін, 19 желтоқсанда Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде дәріс оқыған Мемлекет басшысы ушығып бара жатқан ядролық қауіп мәселесіне ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ядролық қарудың зардабын Қазақстан мен Жапониядай терең сезінетін мемлекеттер әлемде өте аз екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Хиросима мен Нагасакидегі атом жарылыстары, сондай-ақ Семей полигонының қасіреті ядролық қаруға қатысты аса жауапкершілік пен байыптылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қазақстан тәуелсіздік алған соң Семей ядролық сынақ полигонын жабу және әлемдегі көлемі жағынан төртінші орында тұрған ядролық әлеуеттен ерікті түрде бас тарту жөнінде тарихи шешім қабылдады.
«Бұл қадамды әлсіздік деп қабылдауға болмайды. Керісінше, бұл – стратегиялық даналықтың көрінісі. Осы арқылы біз бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігі басты құндылық екенін дәлелдедік. Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстан бұл ұстанымынан айныған жоқ: жаһандық қауіпсіздікті ядролық қару арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент халықаралық қауымдастықты жаппай ядролық қарусыздану жолында белсендірек әрекет етуге және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың толық күшіне енуіне атсалысуға шақырды.
Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруға ие ірі мемлекеттер арасында жоғары деңгейдегі диалогты қайта жандандыруды қолдайды. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін түбегейлі жою үшін батыл әрі көпжақты қадамдар қажет екенін атап өтті.
Президент Қазақстан мен Жапонияның бұл бағытта халықаралық аренада абыройы жоғары екенін айтып, екі ел ядролық державалар өзара келісімге келе алмай отырған тұста қарама-қайшылықтарды реттеуде прагматикалық көшбасшылық таныта алатынын жеткізді.
Фото: Акорда
