Бүгінгі балалар виртуалды әлемде өмір сүреді

Бастауыш сынып мұғалімі Бибати Алибхажиқызы оқушылардың ойындағыны айтпай-ақ түсінеді. Себебі ұстаздық жолындағы елу жылға жуық уақытта әр баланың жан дүниесіне үңіліп, алдағы арман-мақсаттарына жетуде қанаттандырып келе жатқан оның еңбегі ерекше. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші,  біз бүгін өз кәсібінің тәжірибелі маманымен оқушылардың психологиялық дамуы, олардың қарым-қатынас дағдылары, өзін-өзі бағалауы мен буллинг жайында әңгіме өрбіттік.

 — Бибати апай, ұстаздық жолға келуді барлық бала секілді армандаған боларсыз… 

— Әрине (күліп алды). Кез келген бала , әсіресе біздің кезімізде бала күні мұғалім болуды армандамаған бала жоқ шығар. Шынында да, ұстаздық жолды таңдауымның басты себебі, балаларды жақсы көремін және олармен жұмыс істеген ұнайды. Әр баланың болашаққа деген іргетасын қалайтын, өмірлік жолында алғашқы майшамды ұстататын — ұстаз. Олай болса, ұстаздық жауапкершілігі мол, ұлы жол. Бұл жолда еңбек етіп жатқанымды әрқашан мақтан етемін.

— Ұстаздық тәжірибеңіз мол екен. Осы орайда қазіргі оқушылардың психологиялық дамуының бұрынғы буындардан ерекшелігі бар ма?

— Әрине, ерекшеліктер бар. Қазіргі оқушылар өз ойын ашық жеткізіп, өздерін еркін ұстайды. Заманауи технологиялар мен ғаламтордың дамуына байланысты бүгінгі балалар бұрынғы буындарға қарағанда жылдам дамып, ақпаратты тезірек меңгереді. Алайда оның бірқатар кемшіліктері бар. Мысалы, қазіргі балалар шынайы қарым-қатынастан қарағанда виртуалды әлемге көп көңіл бөледі.

— Оқушылар арасында шынайы қарым-қатынас дағдыларын дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізесіз?

— Өте орынды сұрақ. Қазір қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру өте маңызды. Ол үшін топтық жұмыстар, жұппен жұмыс, ойындар мен пікір сайыстар ұйымдастыру арқылы бір-бірін тыңдауға, өзара құрмет көрсетуге үйретемін.

— Оқушылардың өзін-өзі бағалауы туралы не ойлайсыз? Олардың өзіне деген сенімділігін қалай арттыруға болады?

— Кейбір балалар әлеуметтік желілерден өздеріне идеал тұлғалар тауып алып, өздерін сонымен салыстырып, өзіне деген сенімділігін жоғалтып жатады. Олардың өздеріне деген сенімділігін арттыру үшін жеке қасиеттері мен жетістіктерін мақтап, ынталандырамын. Әр бала жеке тұлға екенін ұғындыруға тырысамын.

— Осы тұрғыда ата-аналардың рөлі қандай?

— Ата-ананың рөлі өте маңызды. Себебі бала үшін үйде ата-анасы, мектепте ұстазы үлгі болуға тиіс. Баланың эмоционалдық және психологиялық дамуы отбасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Ата-аналар балаларына жиі көңіл бөліп, қолдау білдіріп, оларды әңгімеге тартып, пікірлерін таңдай білуі керек.

— Осы күнгі  оқушылар арасында бір-бірін кемсіту, буллинг жағдайлары көп байқалып жатыр. Себебі неде деп ойлайсыз?

— Иә, кейде буллинг пен агрессияның  көрінісі байқалып жатады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы балаларға кері әсер ететін көптеген зиянды ақпараттардың таралуы, қоғамдағы агрессияға еліктеушілік. Сонымен қатар, отбасындағы тәрбие мен әлеуметтік ортаның да ықпалы зор.

— Бұл жағдайлардың алдын алу үшін не істемек қажет?

— Ең алдымен, отбасылық тәрбие. Әрбір ата-ана дұрыс мінез-құлық үлгісін көрсету керек. Олар балаларға жанашырлық, құрмет, бауырмалдықты үйретуге тиіс. Екінші, мектептегі тәрбие. Тәрбие сағаттарында буллингтің зияны мен салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Келесі, әлеуметтік желіде бақылау орнату. Агрессияға толы материалдарға бұғат қою.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Мадина Ардыканова.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті 

Related posts

АСТАНАЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ҚАН ТАПСЫРДЫ

Назия Жоямергенқызы

Жетісуда жантүршігерлік жол апаты болды

editor

Бас есепші бюджеттен 117 миллион теңге жымқырған

editor