Қазақстан аумағындағы атмосферасы ең таза ірі қала анықталды. Бұл туралы Central Asia Climate Foundation (CACF) мәлімдеді.
CACF-тың климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика саласындағы Орталық Азияға арналған жобалық кеңсесінің дерегінше, еліміздегі барлық ірі қалалардың ішінде ауаның тазалығы бойынша көш бастап тұрған — Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы.
Қала аумағында жылу электр станциялары жұмыс істегенімен, соңғы он жыл бойы атмосфералық ластану деңгейі тұрақты түрде төмен көрсеткіште қалыптасып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, Көкшетау қаласы Қазақтың ұсақ шоқысының солтүстік бөлігінде, Көпе көлінің маңында орналасқан және Щучинск–Бурабай мен Зеренді курорттық аймақтарынан бірнеше ондаған шақырым қашықтықта жатыр. Қаланың климаты — айқын континенттік.
Ақмола облысы бойынша жалпы алғанда ауа сапасының жағдайы тұрақты деп бағаланады.
Көкшетаудағы негізгі ластау көздеріне өнеркәсіп нысандары, жылу энергетикасы мекемелері және автокөліктер жатады. Сонымен қатар қыс мезгілінде көмір пайдаланатын жеке тұрғын үйлер де ауаның ластануына елеулі үлес қосады.
Қаладағы ауа сапасына бақылау екі автоматтандырылған станция арқылы жүргізіледі. Бұл бекеттер әр 20 минут сайын алты түрлі көрсеткіш бойынша мәлімет тіркейді:
— PM2.5 қалқыма бөлшектері;
— PM10 қалқыма бөлшектері;
— азот диоксиді;
— күкірт диоксиді;
— азот оксиді;
— көміртек оксиді.
Ауа сапасын бағалау үшін Атмосфералық ластану индексі (АЛИ) қолданылады. Бұл көрсеткіш бірнеше негізгі ластаушы заттардың мөлшерін және олардың адам денсаулығына әсерін ескере отырып, орташа тәуліктік және жылдық мәліметтер негізінде ұзақ мерзімді ластану деңгейін анықтайды.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, 2015–2024 жылдар аралығында Көкшетау қаласында ауа ластану индексі үнемі төмен деңгейде сақталған (АЛИ 1–4).
Ал 2024 жылы мониторинг бекеттерінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден 677 рет артық болғаны тіркелген. Ең жиі анықталған ластаушы заттар — қалқыма бөлшектер, азот диоксиді мен күкірт диоксиді.
Фото: ЖИ
